Бірлестіктің мерейтойына орай ұйымдастырылған «Тектілер ту көтереді» республикалық журналистер байқауы да осы ұстанымның жалғасы болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың басты мақсаты – қоғамдағы азаматтық жауапкершілікті нығайтуға, азаматтық қоғам белсенділерінің бастамаларын кеңінен насихаттауға бағытталған журналистердің еңбегін қолдау.
Салтанатты жиында сөз алған «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, идея авторы Нұркен Асанов бұл бес жылды жеке жетістік емес, ортақ іске сенген азаматтардың еңбегі деп бағалады.
– Құлға рақмет айтпаған, Жаратқанға шүкіршілік ете алмайды демекші, өз атымнан, әріптестерімнің атынан, «Сенімен Болашақтың» 160 мың мүшесінің, жанашырлары мен сарапшыларының атынан алтын уақыттарыңызды бөліп, бүгінгі шарамызда жанымыздан табылғандарыңызға шынайы алғысымды білдіремін. Алғашында талабым, кейін талғамым, ақырында тағдырыма айналған «Сенімен Болашақ» бірлестігіне де бес жыл толды, – деді Нұркен Асанов.
Азаматтық қоғамның басты күші – саналы ұрпақ
Оның айтуынша, қоғамдық ұйым құрудағы негізгі мақсат – қоғамды сөзбен емес, нақты іспен өзгерту. Осы бес жыл ішінде жүзеге асқан мыңдаған бастама бір ғана идеяға – азаматтық сананы күшейтіп, елдік жауапкершілікті арттыруға бағытталды.
– Саналы қоғам – сапалы мемлекет болары ақиқат. Мәшһүрше айтсақ, киіз үйіңнің есігі ашық қалса, ол жерге ит те, құс та кіреді. Яғни есігімізге бекем болалық. Абайша айтқанда, осы елдің күзетшісі бола білелік деп азаматтық қоғамның санасын оятып, тілмен емес, тірлікпен іс қылалық деген ниетпен жолға шыққанымызға бес жыл болыпты. Осы бес жыл ішінде «Сенімен Болашақ» қоғамда шама-шарқынша орасан еңбектер атқарды, – деді құрылтайшы.
Нұркен Асанов бүгінде әлемдегі геосаяси ахуал әр елдің ішкі бірлігі мен қоғамдық тұтастығының қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетіп отырғанын айтты. Сондықтан бейбіт өмірдің қадірін түсініп, адами құндылықтарды сақтауға әр азамат жауапты болуы тиіс екенін ерекше атап өтті.
– Аумалы-төкпелі заманда өмір кешудеміз. Дүниенің тоқсаннан астам елінде үлкенді-кішілі қақтығыстар мен қан төгістер орын алуда. Ел Президентінің салиқалы саясатының арқасында аспанымыз ашық, ұйқымыз тыныш. Бірақ бағаламағанға бақ, қадірлемегенге құт қонбайды. Осы бейбіт заманды пайдалана отырып, сеніміне, нанымына, ұлты мен нәсіліне қарамастан, адами құндылықтарды ту етіп, ұлттық құндылығымызды тұғырына отырғызуға ел болып жұмыла еңбек етуіміз керек. Елге, ел мүддесіне жаны ашитын азаматтық қоғам қалыптастыруға сіз болып, біз болып қызмет етуіміз шарт, – деді ол.
Құрылтайшының пікірінше, бұл мақсатқа жетудің ең тиімді жолы – ағартушылық. Ол тек мұғалімнің немесе ғалымның міндеті емес, қоғамға ықпал ететін әрбір мамандықтың, соның ішінде журналистиканың да басты миссиясы.
– Елдік мүдде, ел болашағы, ұрпақтың келешегі жолында «Тектілер ту көтереді» қағидасын ұстана отырып, ағартушылықпен айналысып, қоғамның өзін тауып, өзегіне оралуына жұмыла еңбек етуіміз қажет. Біздер үшін халыққа қызмет ету қандай міндет болса, бұқаралық ақпарат құралдары үшін де елдік мүддеге қызмет ететін ағартушылық сондай қасиетті міндет. Сондықтан қоғамға жақсылық ойлап, әділеттілікті ту еткен журналистерді бағалау – әрбір азаматтық қоғамның парызы. Құрметті журналистер, әрбір сөзіңіз, әрбір жазбаңыз қоғамның құлағында қалмай, жүрегіне жетсін. Қаламдарыңыз Алаштың үні, Абайдың сөзі, Мәшһүрдің мұңы болсын, – деді Нұркен Асанов.

Оның бұл сөзі байқаудың да негізгі идеясын айқындап берді. «Тектілер ту көтереді» – тек үздік журналистерді анықтайтын шығармашылық жарыс емес, елдік мұратқа қызмет ететін сөздің, құндылықтарды насихаттайтын қаламның қоғамдағы орнын айшықтайтын бастама.
Журналистика – ұлттың жадын жаңғыртатын күш
Қоғамдағы ағартушылықтың маңызын сөз еткендердің бірі – алаштанушы ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы болды. Ол «Сенімен Болашақ» бірлестігінің бес жыл ішінде атқарған жұмысын Алаш қайраткерлерінің елді ұйыстыру идеясымен сабақтастырып, мұндай бастамалардың тарихи негізі бар екенін айтты.
– Мен Нұркен бауырымның осы ісінен шынында да, Алаш зиялыларының еңбегін көремін. Жаңа өзі айтқандай, бұл кісі Алаш мұрасына адал. Бес жылдың ішінде 17 мыңнан астам шара өткізу – өте үлкен еңбек. Оның әрбірі халыққа, үлкен-кіші демей бәрімізді елдікке, мемлекеттікке топтастыруға бағытталған. Жаңа мінберде Мәшһүр Жүсіптен мысал келтіріп, қауіпсіздік туралы өте маңызды ой айтты. Бұл маған Алаштың «Қазақ» газетінің ұстанымын еске салды. Олар қазақ өз елінің қарауылы болуы керек деген идеяны көтерді. Міне, сондай дүниені біз бүгін Нұркен бауырымыздың бастамаларынан көріп отырмыз, – деді Дихан Қамзабекұлы.
Ғалымның айтуынша, ұлттық құндылықты сақтау тек өткенді дәріптеумен шектелмейді. Оны бүгінгі қоғамға түсінікті тілмен жеткізіп, жаңа буынға жақындату – нағыз ағартушылықтың көрінісі. Осы тұрғыдан алғанда Мәшһүр Жүсіптің бес томдығын әзірлеу, Алаш қайраткерлерінің педагогикалық мұрасын жинақтап, көпшілікке қолжетімді ету сияқты жобалардың қоғамдық маңызы зор екенін атап өтті.
Әңгіме журналистикаға ойысқанда Дихан Қамзабекұлы ақпарат құралдарының бүгінгі міндетіне ерекше тоқталды.
– Біз бүгін бәріміз де ағартушы болуымыз керек. Ахмет Байтұрсынов айдаудан оралған кезде жастарға «Мұғалім болыңдар» деп бата берген екен. Бұл жай ғана мамандық емес, ағартушы болыңдар деген сөз. Біздің еліміздің көп дүниесін өзіміз жасауымыз керек. «Мынау жоқ, мынау болмай қалды» деп айғайлаудан ештеңе өзгермейді. «Тектілер ту көтереді» деген ұғымның өзі – жауапкершілік. Жоққа шағымданбай, өзің бастап кет. Сонда еңбегіңді халықтың өзі бағалайды, – деді ол.
Руханиятқа қызмет – ұлтқа қызмет
Қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы бес жыл бұрын құрылған қоғамдық бастаманың бүгінде елдік мүддеге қызмет ететін үлкен қозғалысқа айналғанын айтты. Оның сөзінше, кез келген қоғамдық ұйымның өміршеңдігі атқарған жұмысымен өлшенеді, ал «Сенімен Болашақ» осы уақыт ішінде мыңдаған адамның санасына әсер ете алған.
– Осыдан бес жыл бұрын «Сенімен Болашақ» құрылған кезде әртүрлі пікір болды. «Қалай? Не үшін? Мақсаты не?» деген сұрақтар қойылды. Аз ғана уақыттың ішінде Нұркеннің әңгімесін тыңдап, қатты толқыдым. Барлық шарасына қатыспасақ та, кейбіріне куә болдық. Бұл – ниеті дұрыс құрылған қоғамдық ұйым. Әділетті, Жаңа Қазақстан құру үшін әрқайсымыз дәл осылай өз мойнымызға жауапкершілік алуымыз керек, – деді Оразкүл Асанғазы.
Ол өз сөзінде Нұркен Асановтың қызы айтқан бір ауыз сөздің үлкен қоғамдық іске түрткі болғанын ерекше әсермен әңгімеледі. Спикердің пікірінше, қоғамдағы үлкен өзгерістер кейде дәл осындай қарапайым, бірақ шынайы оқиғалардан басталады. Сондықтан бес жыл ішінде атқарылған мыңдаған іс-шараның артында үлкен сенім мен табанды еңбек жатыр.

– Қаншама еңбек! 17 мыңнан астам іс-шара, 350 мыңнан астам тыңдарман... 350 мың адамның санасын селт еткізіп, рух бергенің үшін рақмет, айналайын! Бірақ Қазақстанда 20 миллион халық бар. Сол 20 миллионға кім жеткізеді? Меніңше, мұндай жобаларды Нұркен сияқты азаматтар ғана алға сүйрей алады. Кішкентай аудиторияда айтылған ойды бүкіл қазақ даласына жеткізген журналистерге рақмет! Ал солардың ішінен іріктеп, үздігін таңдаған Қазылар алқасына да алғыс айтқым келеді, – деді ол.
Сөз соңында Оразкүл Асанғазы байқау жеңімпаздарын құттықтап, бүгінгі марапатты кәсіби жетістіктің ғана емес, қоғам алдындағы адал еңбектің бағасы деп атады.
Жақсы сөз – қоғамға қызмет етудің бір жолы
Байқауға еліміздің барлық өңірлерінен 50-ге жуық баспа, интернет-басылым, радио және телеарна журналистері қатысып, қоғамдық сана, ортақ жауапкершілік, рухани мұра және азаматтық ұстаным тақырыптарындағы шығармаларын ұсынды. Қазылар алқасының шешімімен төрт негізгі номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. «Баспа басылымындағы үздік мақала» номинациясы Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінің бас редакторы Жанаргүл Қадыроваға, «Интернет-басылымдағы үздік жарияланым» номинациясы Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Мақпал Жұмашоваға, «Республикалық баспа басылымындағы үздік мақала» номинациясы «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің тілшісі Сәндібек Преновке, ал «Үздік радио немесе YouTube бағдарламасы» номинациясы «Шалқар» ұлттық радиоарнасының радиожурналисі Гүлнұр Омарханқызына берілді. Сонымен қатар арнайы жүлделер Qamshy.kz ақпарат агенттігі, Павлодар облыстық «Ertis» телеарнасы, Қызылорда облыстық «Qyzylorda» телеарнасы, «Мұнара» газеті мен Qaz365.kz интернет-порталы, Жамбыл облыстық «Jambyl-Taraz» газеті, Қарағанды облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газеті, Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі, Dauletten.kz ақпараттық сайты, Президент телерадиокешенінің Jibek Joly радиосы және Павлодар облыстық Halyq радиосының өкілдеріне табысталды.
«Баспа басылымындағы үздік мақала» аталымының жеңімпазы, Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінің бас редакторы Жанаргүл Қадырова бұл марапатты жеке жетістік емес, қоғамдағы игі бастамаларды қолдайтын журналистердің ортақ еңбегіне көрсетілген құрмет деп бағалады.
– Осындай үлкен «Сенімен Болашақ» құндылықтар университетінің бес жылдық белесін бізбен бірге атап өтіп, журналистерге де көңіл бөліп отырғандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Мен өз мақаламды «Сенің жолың – Абай жолы, сенің жолың – Мәшһүр даңғылы» деп атадым. Бұл сөздің астарында «Сенімен Болашақ» қозғалысының бүкіл мәні мен мағынасы жатыр деп ойлаймын. Сіздердің тарих үшін, әрбір азаматтың келешегі үшін атқарып жатқан еңбектеріңіз ұшан-теңіз. Бұл қызмет туралы айта берсек, теңіздей терең, мұхиттай кең, – деді ол.
Оның пікірінше, қоғамға қажет бастамалардың өміршең болуы ең алдымен адамдардың бір-біріне деген жанашырлығына байланысты. Бұл тұрғыда «Сенімен Болашақ» ұстанып отырған қағидалар бұрынғы қоғамдағы өзара жауапкершілік дәстүрін қайта жаңғыртып келеді.
– Нұркен Жарылқапұлы: «Мен» емес, «біздікі» деп айту керек», – деген еді. Меніңше, «Сенімен Болашақ» қоғамда жоғалып бара жатқан «біздің ауылдың баласы ғой» деген жанашырлық сезімін қайта тірілтіп жүрген қозғалыс. Сіздердің Абай мен Мәшһүр бабаларымыздың жолын жалғап келе жатқан қадамдарыңызға гүл бітсін! Біз де сол игі бастамаларды қолдап, қоштағымыз келеді. Баршаңызға мың алғыс! Болашақ үшін жасап жатқан еңбектеріңіз жемісін бере берсін, – деді бас редактор.
Салтанатты рәсім соңында ұйымдастырушылар мұндай шығармашылық байқаулар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Өйткені елдік мүддені, адами құндылықтарды және қоғамдық жауапкершілікті насихаттайтын сапалы журналистика – қоғамның саналы тұрғыда дамуына қызмет ететін маңызды күш. Ал сол жолда еңбек етіп жүрген қалам иелерінің еңбегін бағалау – сөзге көрсетілген құрмет қана емес, елдің ертеңіне салынған инвестиция.
Кәмила ДҮЙСЕН
