Іс-шара барысында ЖСДП-ның «Прогресс жолындағы 20 белес» атты сайлауалды бағдарламасы таныстырылды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Кәсібилік – басты басымдық
Дөңгелек үстелдің негізгі баяндамасын ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов жасады. Ол партия бағдарламасының басты бағыттарын таныстырып, сайлаудағы қарсыластарының ұстанымдарына өз бағасын берді.
Оның айтуынша, болашақ депутаттардың сауатты әрі білікті болуы қажет.
– Біз ел тарихындағы маңызды кезеңде тұрмыз. Адамдардың өмірін қағаздағы уәделер емес, әділ заңдар мен халыққа қызмет ететін билік өзгертеді. Партияның «Прогресс жолындағы 20 белес» бағдарламасы – жай ғана ұрандар жиынтығы емес, тәуелсіз Қазақстанды дамытуға арналған нақты жоспар. Біз өз бағдарламамызда кәсібилікке ерекше мән бердік. Құрылтай кәсіби болуы керек деп нақты көрсеттік. Бұл – Құрылтай құрамына тек кәсіби мамандар мен өз ісінің майталмандары келуі тиіс дегенді білдіреді. Онда түрлі партия өкілдері бір-бірімен кәсіби диалог жүргізе білуі маңызды.
Өкінішке қарай, өз тәжірибеме сүйеніп айтсам, VIII шақырылымдағы Парламент құрамындағы кейбір депутаттардың кәсіби деңгейі өте төмен болды. Кейбірі саясатта қауқарсыз екенін көрсетті. Парламентте маңызды мәселелердің орнына таяз тақырыптардың көтерілген кездері де болды. Сондықтан біз Құрылтайдың кәсіби, мықты әрі ықпалды болуына ерекше назар аударамыз. Онда жеке бастың емес, халықтың мүддесі көтерілуі тиіс, – деді ол.
Сонымен қатар Асхат Рахымжанов өзін әлеуметтік бағыттағы халықтық партия ретінде таныстырып жүрген кейбір саяси партиялардың жұмысына көңілі толмайтынын айтты.
Әлеуметтік саясат пен әйелдердің құқықтары
Партия атынан Құрылтайға кандидат ретінде ұсынылған Ажар Сағандықова әлеуметтік саясат пен әйелдердің құқығына қатысты өзекті мәселелерді көтерді.
«Халықты әлеуметтік қорғау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Партия тегін медицинаны, балалар мен әйелдерге сапалы медициналық қолдауды және лайықты зейнетақы жүйесін қолдайды. Бұл – әрбір қазақстандықтың заңды құқығы. Біз төрт күндік жұмыс аптасын енгізуді ұсынамыз. Қазіргі қоғам үшін бұл өте маңызды. Бұл мәселені Мәжіліс мінберінде бірнеше рет көтердім. Партия ұсынып отырған төрт күндік жұмыс аптасы – халықты әлеуметтік тұрғыдан қолдаудың нақты тетігі», – деді Ажар Бақытқызы.
Ол – ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылымының депутаты. Мәжілістегі жұмысының негізгі бағыттарының бірі – халықтың әлеуметтік жағдайы мен гендерлік саясат мәселелері.
«Парламент қабырғасында әйелдердің құқықтарын қорғау мәселесін көтеріп жүрген кезде әріптесіміз сыни пікірі үшін жазаланды. Бұл жағдай мені таңғалдырды. Кез келген партия өз жақтастары мен үзеңгілестерін қиын жағдайда қорғауы тиіс. Мұндай жағдайда біз әйелдердің құқығын қалай қорғаймыз?» – деді.
Оның айтуынша, мұндай жағдайлар тек саясатта ғана емес, мемлекеттік құрылымдарда, ірі кәсіпорындарда және квазимемлекеттік секторда да кездеседі.
Инклюзия мәселесі
ҚР Құрылтай депутаттығына кандидат Нурия Балтабайқызы кәсібиліктің кез келген салада маңызды екенін айтты.
Оның инклюзия мәселесімен айналысып жүргеніме он жылдан асты. Сондықтан бұл саланы жақсы білемін.
– Өзім ерекше баланың анасымын. Мемлекет бұл бағытқа қомақты қаржы бөліп жатқанымен, нақты нәтижелер әлі де жеткіліксіз. Себебі тиісті құрылымдарда, оның ішінде депутаттық корпуста да кәсіби мамандар жетіспейді. Сондықтан партия ұсынып отырған кәсіби Құрылтай идеясын толық қолдаймын», – деді ол.
