«Ақ жол» демократиялық партиясы Республикалық штабының мүшелері төраға Дания Еспаеваның бастауымен сайлаушылармен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Дания Еспаеваның сөзінше, партия осыдан 25 жыл бұрын бизнесті қолдау мақсатында құрылған және 2012 жылдан бері Парламент қабырғасында кәсіпкерлер мен халықтың мүддесін қорғап келеді.
Жиында спикерлер елдегі өзгерістердің сөзсіздігіне тоқталып, мемлекет дамуының негізі – ұлттық мүддені қорғау екенін баса айтты.
– Жемқорлық, бюрократия және монополияны жоюдың басты құралы ретінде шынайы демократия, биліктің есептілігі мен құқықтық мәдениет аталды. Әлеуметтік бағытта «Ақ жол» сапалы білім, медицина, қолжетімді баспана және жұмыс орындарын ашу арқылы кедейлікті толық жоюды көздейді. Экономикалық блок шағын және орта бизнесті қолдауға негізделсе, сыртқы саясат ел мүддесін прагматикалық тұрғыда қорғауға бағытталуы тиіс, – деді партияның төрағасы Дания Еспаева.
Бас қосуда партия мүшелері «Ақ жол» бірлескен күш-жігермен ғана қуатты әрі әділетті Қазақстанды құруға болатынына сенім білдірді.
