Қазақстан Премьер-лигасында екі кездесу 2:1 есебімен аяқталды
«Ертіс» пен «Қызылжар» сырт алаңда жеңіске жетті
instagram.com/fc_ulytau
191
оқылды

Қазақстан Премьер-лигасының 19-туры аясында «Ертіс» пен «Қызылжар» сырт алаңда жеңіске жетті, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жезқазғанда өткен ойында павлодарлық «Ертіс» «Ұлытауды» 2:1 есебімен жеңді. Қонақтар сапынан Марко Евтич пен Жан Морел По гол соқты. «Ұлытаудың» жалғыз добын Давид Мартин Анане енгізді.

Осы жеңістен кейін «Ертіс» 13 матчқа созылған жеңіссіз сериясын тоқтатты. Павлодарлық команда 14 ұпаймен турнир кестесінің соңғы орнында қалды. «Ұлытау» 27 ұпаймен алтыншы орында тұр.

Талдықорғанда «Қызылжар» «Жетісуды» 2:1 есебімен ұтты. Петропавлдық клубтың голдарын Александр Нойок пен Стефан Баокен соқты. Алаң иелері сапынан Нұрбол Ануарбеков мергендік танытты.

«Қызылжар» 62-минуттан бастап Александр Соколенко алаңнан қуылғаннан кейін он ойыншымен қалғанына қарамастан, жеңісті жұлып алды. Қазір «Жетісуда» 19, «Қызылжарда» 18 ұпай бар.