«Байтақ» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасын Астананың жасыл белдеуінде таныстырды.
«Байтақ» партиясы жасыл белдеуде сайлауалды бағдарламасын таныстырды
Фото партияның баспасөз қызметінен алынды
135
оқылды

Партия төрағасы Азаматхан Әміртаев негізгі бағыттарды мәжіліс залында емес, табиғат аясында – «Астана орманы» кәсіпорнының ұжымымен кездесу барысында таныстырды.

Кездесу орнының таңдалуының өзіндік мәні бар. «Астана орманы» – елорданы шаңды дауыл мен құрғақ желден қорғайтын орман белдеуін қалыптастырып, күтіп-баптап отырған кәсіпорын. Бүгінде бұл қолдан жасалған орман қала экологиясын жақсартуға елеулі үлес қосып келеді. Сондықтан «Байтақ» партиясының жасыл экономика жөніндегі бастамалары дәл осы табиғаттың ортасында айтылып, нақты іспен ұштасатынын көрсетті.

Кездесуде тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері сөз болды. Азаматхан Әміртаев партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтарды таныстырып, таза ауа, сапалы ауыз су, азық-түлік қауіпсіздігі және «жасыл» жұмыс орындарын көбейту мәселелеріне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, экология – жай ғана қоршаған ортаны қорғау емес, әрбір отбасының денсаулығы мен әл-ауқатына тікелей әсер ететін маңызды мәселе.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Табиғатты қорғау ісіне күн сайын өз үлесін қосып жүрген кәсіпорын қызметкерлері партияның экологиялық ұстанымын қолдап, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Оларды ортақ мақсат біріктіреді – қаланың ауасы таза болып, табиғаттың байлығы келер ұрпаққа аман жетуі тиіс.

Кездесу барысында түсірілген бейнематериалдар мен партия төрағасының сұхбаты партияның ресми әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланды.