Мемлекет басшысы Ресей Қазақстанның басты инвестициялық серіктестерінің бірі ретінде соңғы 20 жылда еліміздің экономикасына 30 миллиард доллардан астам қаржы салғанына тоқталды.
– Бұл салада оң қарқын байқалады: биылғы бірінші тоқсанда Ресейден келген инвестиция ағыны 45 пайызға ұлғайды. Яғни, бес айдағы көлемі 773 миллион долларды құрады. Көпжылдық өзара тиімді ынтымақтастық нәтижесінде қазір Қазақстан экономикасының түрлі саласында ресейліктердің үлесі бар 20 мыңнан аса кәсіпорын табысты жұмыс істеуде. Сонымен қатар Ресейдегі қазақстандық бизнестің позициясы нығайып келеді. Ресей экономикасына құйылған қаржымыз 9 миллиард доллардан асты. Экономикалық күн тәртібінде өнеркәсіп саласындағы серіктестіктің алар орны ерекше. Елдеріміз 177 ірі жобадан тұратын тізім жасақтады. Инвестицияның жалпы көлемі 52 миллиард доллардан асады. Оның 122-і іске асырылып, 30 мыңнан астам жұмыс орны ашылды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, «Росатом» бастаған халықаралық консорциумның қатысуымен Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу жобасы болашаққа бағдарланған екіжақты ынтымақтастықтың стратегиялық сипатқа ие болғанын көрсетеді.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ғарыш саласындағы ынтымақтастық та өзара іс-қимылдың басым бағыты екенін атап өтті.
– Биыл сәуір айында «Союз-5» зымыран тасығышы алғаш рет ұшырылды. Бұл елеулі уақиға ғылыми, инженерлік, өндірістік мүмкіндіктерін тоғыстырса, Қазақстан мен Ресей түрлі саладағы өршіл бастамаларды жүзеге асыра алатынын анық көрсетті. Қазақта «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген мақал бар. «Где лад, там и клад» деген орыстың нақыл сөзінің мағынасы осыған жақын. Мызғымас достық пен тату көршілік байланыстарға, өзара сенім мен қолдауға, бір-біріміздің мүддемізді ескеруге негізделген қарым-қатынас бауырлас халықтардың әл-ауқатын арттыруда жаңа белестерді бағындыруға жол ашатынына сенімдімін, – деді Президент.
