Президент: Қазақстанға демалуға және көрікті жерлерді тамашалауға келетін туристердің саны жағынан Ресей қазір бірінші орында тұр. Екінші орында – Қытай, үшінші – Үндістан, төртінші – Түркия
Қасым-Жомарт Тоқаев елдеріміздің көлік-логистикалық байланысын нығайтудың шекара маңындағы аймақтар үшін маңызы зор деп санайды
141
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев елдеріміздің көлік-логистикалық байланысын нығайтудың шекара маңындағы аймақтар үшін маңызы зор деп санайды

– Шекара маңындағы өңірлерде «500+» шартты атауымен әуе қатынасын дамытудың бірлескен бағдарламасын әзірлеу ұсынылады. Бастамаға сәйкес, Астана мен Ресейдің Қазақстанмен шекаралас әрі халық саны 500 мыңнан асатын қалалары арасында тікелей әуе рейстерін кезең-кезеңімен ашу көзделген. Бұл бағдарламаның іске асуы өз кезегінде екі елге де туристердің көптеп келуіне қолайлы жағдай жасайды. Бұдан бөлек, бірлескен трансшекаралық туристік бағыттар ашу да тиімді деп есептеймін. Ол үшін елдеріміздің туризм индустриясы өкілдерінің арасындағы ықпалдастықты жандандырған жөн. Айтпақшы, Қазақстанға демалуға және көрікті жерлерді тамашалауға келетін туристердің саны жағынан Ресей қазір бірінші орында тұр. Екінші орында – Қытай, үшінші – Үндістан, төртінші – Түркия. Туризмді қарқынды дамытуға мүмкіндігіміз жеткілікті. Атап айтқанда, еліміз географиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан. Алуан түрлі табиғи ландшафт, бай әрі бірегей тарихи-мәдени мұрамыз да көпшілікті қызықтырады. Ең бастысы, Ресей туристері үшін Қазақстанда тіл және менталдық тұрғыдан ешқандай кедергі жоқ. Мәдениетіміз бен тарихымыз ортақ. Шекара маңындағы туризмді дамыту экономика қарқынын арттырып қана қоймайды. Бұл – арадағы сенімді нығайтып, тату көршілік қатынастардың біртұтас кеңістігін қалыптастыруға салынған инвестиция. Екіжақты байланысымыздың қаншалықты мықты екені осыдан көрінеді. Әрі бұл бірге өсіп-өркендеуімізге тың серпін береді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың беріктігі өңірлердің, іскер топтардың, ғылыми және мәдени қоғамдастықтардың белсенді байланысы арқылы нығая түсетін жоғары деңгейдегі сенімді диалогтан, ең бастысы, миллиондаған адамның достығынан байқалатынын айтты.

– Біздің сан қырлы ынтымақтастығымызда сабақтастық пен серпінді даму өзара үйлесім тапқан. Ортақ тарихымызды ардақтай отырып, болашаққа бірге көз тігеміз. Қазақстан ұлы Ресей елімен жасампаз стратегиялық серіктестікті дамытуға әрдайым ниетті. Омбы қаласына менімен бірге үлкен делегация келді. Оның құрамында орталық мемлекеттік органдардың басшылары, шекаралас облыстардың әкімдері, іскер топ өкілдері бар. Бұл біздің жүйелі жұмыс істеп, екіжақты ықпалдастықтың негізгі бағыттары бойынша нақты келісімдерге қол жеткізуге мүдделі екенімізді білдіреді. Бүгінгі форумның нәтижесі Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастар жылнамасындағы кезекті жарқын кезеңге жол ашып, мемлекеттеріміздің гүлденуіне және бауырлас халықтардың игілігін арттыруға ықпал етері сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.