Бұл туралы ведомство «Астана» халықаралық қаржы орталығы (AIFC) базасында криптоқор құруға қатысты түскен сауалдарға жауап ретінде хабарлады.
Қазақстан мемлекеттік крипторезерв құру жұмысын жалғастырып жатыр
121
оқылды

Қазақстан Ұлттық банкі мемлекеттік криптовалюта резервін құру бағытындағы жұмысты жалғастырып жатқанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл туралы ведомство «Астана» халықаралық қаржы орталығы (AIFC) базасында криптоқор құруға қатысты түскен сауалдарға жауап ретінде хабарлады.

Ұлттық банктің мәліметінше, болашақ мемлекеттік крипторезерв Қазақстанның егемен резервтерінің бір бөлігіне айналады. Оны басқару қолданыстағы заңнамаға сәйкес Ұлттық банк жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

Ведомство бұқаралық ақпарат құралдарында аталған Alem Crypto Fund мемлекеттік қор болып саналмайтынын ерекше атап өтті. Бұл қор Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен құрылғанымен, ол нарықтық жоба ретінде жұмыс істейді және мемлекеттік резервтерді басқару құқығына ие емес.

Ұлттық банктің түсіндіруінше, Қазақстан заңнамасы бойынша мемлекеттік резервтерді, Ұлттық қордың активтерін, алтын-валюта резервін және басқа да мемлекеттік қаржы активтерін басқару құзыреті тек Ұлттық банкке тиесілі. Осыған байланысты мемлекеттік крипторезерв те орталықтандырылған басқару жүйесіне енгізілмек.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай резерв құру Қазақстанның цифрлық экономикадағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа инвестициялық құралдарды дамытуға ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар криптоактивтердің жоғары құбылмалылығы ескеріліп, оларды басқарудың халықаралық тәжірибесі мен тәуекелдерді бақылау тетіктері қолданылмақ.

Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық активтер индустриясын дамыту жөніндегі Жарлыққа қол қойған болатын. Құжат Қазақстанды аймақтағы жетекші криптохабтардың біріне айналдыруды көздейді. Жарлық аясында стейблкоиндерді трансшекаралық есеп айырысуда пайдалану, токенделген мемлекеттік облигациялар шығару, цифрлық майнингті дамыту және Alatau City цифрлық инфрақұрылымын жетілдіру көзделген.

Ұлттық банк мемлекеттік крипторезервті қалыптастыру жұмыстары жалғасып жатқанын айтып, бұл бағыттағы қосымша шешімдер заңнамалық рәсімдер аяқталғаннан кейін жарияланатынын мәлімдеді.