Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат науқанының белсенді кезеңі жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Әділет» партиясы мұнайшылармен кездесулер өткізсе, ЖСДП мен Қазақстанның Халық партиясы әлеуметтік күн тәртібіне басымдық берді. «Байтақ» партиясы «Көліксіз күн» акциясын ұйымдастырып, «Ауыл» аграрлық мәселелерге назар аударды. «Ақ жол» кәсіпкерлермен кездесулер өткізді, ал «Respublica» Семей қаласында форум ұйымдастырды. Үгіт-насихат науқаны жария саяси пікірталас кезеңіне өтті.
«Әділет» партиясы өнеркәсіпті дамыту, цифрландыру және еңбек адамын қолдау мәселелерін заң үстемдігі мен азаматтардың заң алдындағы теңдігі тақырыбымен ұштастырды.
«Ауыл» партиясы да қарсыластарының сайлауалды бағдарламаларына қатысты сын пікір білдірді. Партия өкілдері «Ақ жол» мен Respublica бағдарламаларындағы жекелеген ұсыныстарға күмән келтіріп, ауыл шаруашылығы, фермерлік және ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері экономикалық күн тәртібінде анағұрлым маңызды орын алуы тиіс екенін атап өтті.
Сонымен қатар «Байтақ» партиясының су ресурстарын пайдалану саласындағы бастамаларына қатысты да ескертулер айтылып, экологиялық шектеулерді енгізу кезінде аграршылардың мүдделері ескеріліп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау шараларымен қатар жүзеге асырылуы қажет екені атап өтілді.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия төрағасы Асхат Рахимжанов ҚХП-ның сынына жауап берді. Ол ҚХП төрағасының орынбасары Бейбіт Құсайынов ЖСДП-ға орынсыз сын таққанын айтты. Рахимжанов Конституцияның 2-бабында президенттік басқару нысаны нақты бекітілгенін атап өтті. Осыған сүйене отырып, ЖСДП төрағасы Қазақстан Халық партиясының өкілдері Ата заңның нормаларын қате түсіндіріп отыр деп мәлімдеді.
Қазақстан халық партиясының жауабы көп күттірген жоқ. Бейбіт Құсайынов Конституцияда бекітілген президенттік басқару нысанын емес, ЖСДП-ның сайлауалды бағдарламасындағы президенттік-парламенттік басқару моделіне қайта оралу туралы ұсынысты сынағанын мәлімдеді. ҚХП бұл бастаманы 1993 жылғы саяси үлгіге қайта оралу әрекеті деп бағалап, оның жаңа Конституцияның қағидаларына сәйкес келмейтінін айтты.
Respublica өкілдерінің қымбат автокөліктерді көрсетуге қатысты сынына жауап ретінде «Ақ жол» партиясы өздерінің «байлыққа қарсы емес, кедейлікке қарсы» екенін мәлімдеді. Ал Respublica өкілдері, өз кезегінде, «Ақ жол» партиясының көп жылдан бері беріп келе жатқан уәделерінің өміршеңдігі мен олардың іс жүзінде орындалуына күмән келтірді. Осылайша, екі партия арасындағы пікірталас жекелеген бағдарламалық тармақтардың аясынан шығып, бір саяси кеңістіктегі көшбасшылық үшін бәсекеге ұласып келеді.
Партияаралық бәсеке қазіргі сайлау науқанының негізгі бағыттарының біріне айналып келеді. Егер үгіт-насихаттың алғашқы кезеңінде саяси партиялар негізінен өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстыруға басымдық берсе, енді олар науқанды қарсыластарымен тікелей салыстыру арқылы жүргізуге көбірек ден қоя бастады.
