Әлеуметтік желілерде жас ойыншының болашағына қатысты түрлі пікірлер айтылып, оны уақытша басқа клубқа жіберу туралы ұсыныстар да пайда болды.
«Борнмутқа жалға берілсін»: Сәтпаевтың алғашқы голынан кейін ағылшын жанкүйерлері ұсынысын айтты
128
оқылды

Қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев «Челси» сапындағы алғашқы голын соққаннан кейін ағылшын футбол жанкүйерлерінің назарын өзіне аударды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Әлеуметтік желілерде жас ойыншының болашағына қатысты түрлі пікірлер айтылып, оны уақытша басқа клубқа жіберу туралы ұсыныстар да пайда болды.

X әлеуметтік желісінде «Челсиге» арналған SIR CHUCHO фан-парақшасының авторы Сәтпаевты бір маусымға «Борнмутқа» жалға беруді ұсынды. 70 мыңнан астам оқырманы бар аккаунт иесі бұл пікірін қазақстандық футболшының дебюттік голынан кейін жариялаған видеомен бірге бөлісті.

«Борнмут, мені тыңдаңыздар. Оны бір жылға жалға алыңыздар», – деп жазды жанкүйер.

Бұл ұсынысты футбол сарапшысы әрі «Челси» жанкүйері Blaq Prince те қолдады. Оның пікірінше, «Борнмут» шабуылшысы Крупидің жарақатына байланысты Сәтпаев үшін негізгі құрамда ойнауға мүмкіндік тууы мүмкін. Сонымен бірге ол қазақстандық футболшының «Челсидің» алдағы трансферлік жоспарларында да маңызды рөл атқаруы ықтимал екенін айтты.

Дастан Сәтпаев өзінің алғашқы голын 28 шілдеде Аустралияда өткен маусым алдындағы жолдастық кездесуде соқты. Лондондық клуб Сиднейдегі «Аккор» стадионында «Вестерн Сидней Уондерерске» қарсы ойнап, қазақстандық шабуылшы нәтижелі әрекетімен көзге түсті.

Енді Сәтпаев пен «Челсиді» келесі сынақ күтіп тұр. Лондондық клуб 1 тамызда маусым алдындағы дайындық аясында өз принципті қарсыласы «Тоттенхэммен» кездеседі. Бұл матч та Сиднейдегі «Аккор» стадионында өтеді.