«Әділет» партиясының сайлауалды штабы Жамбыл, Түркістан облысы мен Шымкент қаласының тұрғындарымен жүздесті.
«Әділет» партиясының сайлауалды штабы Жамбыл, Түркістан, Шымкентте еңбек адамдарымен кездесті
161
оқылды

Үш өңірде аймақтың дамуына үлес қосып отырған кәсіпорын ұжымдары өзекті мәселелерді талқылады.  

Жамбыл облысында шаруалармен жүздесті

«Әділет» партиясының Жамбыл облыстық сайлауалды штабы өңір тұрғындарымен және еңбек ұжымдарымен сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруда. Осы мақсатта партия өкілдері Тараз қаласындағы «ТаразКожОбувь» серіктестігінің жұмысшыларымен кездесу өткізді.

Кәсіпорын еңбек ұжымымен өткен кездесуге 100-ге жуық қызметкер қатысты. Жиын барысында «Әділет» партиясының «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтары таныстырылып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты партияның ұстанымдары мен алдағы мақсат-міндеттері кеңінен түсіндірілді.

Партия өкілдері сайлауалды бағдарламада еңбек адамының мүддесін қорғау, сапалы әрі тұрақты жұмыс орындарын құру, азаматтардың лайықты еңбекақы алуына жағдай жасау және кәсіпкерлікті қолдауға ерекше назар аударылғанын атап өтті. Бағдарламада алдағы бес жыл ішінде 1 миллион сапалы жұмыс орнын ашу, еңбек нарығын жаңа экономиканың талаптарына бейімдеу және азаматтардың кәсіби дамуына қолайлы жағдай жасау жөніндегі нақты міндеттер айқындалған.

Кездесу барысында өңдеу өнеркәсібін дамыту, отандық өндірісті қолдау, шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру мәселелері де сөз болды. Партия өкілдері экономиканың тұрақты дамуы өндіріс көлемін арттырумен ғана емес, еңбек өнімділігін көтерумен, жаңа технологияларды енгізумен және білікті кадрларды даярлаумен тікелей байланысты екенін жеткізді.

Еңбек ұжымы мүшелерімен ашық диалог форматында өткен кездесуде жұмысшылар өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды. Әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту, еңбек құқықтарын қорғау және кәсіпорындардың тұрақты дамуына қатысты пікірлер айтылды. Партия өкілдері көтерілген ұсыныстардың назарға алынатынын және сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру барысында халықпен тұрақты кері байланыс орнатудың маңызды екенін атап өтті.

Партияның сайлауалды бағдарламасында адам капиталына инвестиция салуды, еңбек адамының мәртебесін көтеруді және әр азаматтың өз қабілеті мен еңбегі арқылы лайықты өмір сүруіне мүмкіндік жасауды басты басымдықтардың бірі ретінде айқындаған. Бұл бағытта сапалы білім мен кәсіби даярлықты дамыту, еңбек нарығын цифрландыру және жаңа мамандықтарға бейімдеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу көзделген.

Кездесу қорытындысында партия өкілдері еңбек ұжымдарын алдағы Құрылтай сайлауына белсенді қатысуға шақырып, әрбір азаматтың дауысы елдің болашағын айқындауда маңызды екенін жеткізді. «Әділет» партиясының Жамбыл облыстық сайлауалды штабы өңірдің еңбек ұжымдарымен, кәсіпкерлерімен және тұрғындарымен кездесулерді алдағы уақытта да жалғастыратынын мәлімдеді.

«Таза Қазақстанды» сенбіліктермен ғана өлшемеуіміз керек 

«Әділет» партиясы Түркістан облыстық сайлауалды штабының ақпараттық-насихат тобы Арыс қаласындағы жұмыс сапарында  Kazakh Real Stroy  ЖШС-ның еңбек ұжымымен кездесті. Қала тазалығы мен абаттандыру жұмыстарына күн сайын үлес қосып жүрген еңбек адамдарына партияның 20262031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтары таныстырылып, ашық пікір алмасу өтті.

Кездесуде партияның сайлауалды бағдарламасындағы «Таза Қазақстан» бағытының негізгі ұстанымдары таныстырылды. Онда табиғатты қорғау мен экологиялық қауіпсіздік ел дамуының стратегиялық басымдығы ретінде айқындалғаны айтылды. Осы мәселе жөнінде пікірін білдірген облыстық партия филиалының және өңірлік сайлауалды штабтың төрағасы, Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Толыбаев тазалық мәселесі жалғыз коммуналдық қызметтің міндеті емес, қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.

«Таң атпай көшеге шығып, қаланың тазалығы үшін еңбек етіп жүрген жандар – қоғамның көрінбейтін қаһармандары. Таза қала кездейсоқ пайда болмайды, оның артында қаншама адамның маңдай тері, адал еңбегі, тәртібі мен жауапкершілігі бар. Табиғи ресурстарға жанашырлықпен қарау, айналаны таза ұстау, қоршаған ортаны аялау – жаңа Конституцияның тұғыры болып бекітілді. Біз «Таза Қазақстанды» сенбіліктермен ғана өлшемеуіміз керек. Ол – әр азаматтың өмірлік ұстанымы, мемлекеттің даму мәдениеті. Табиғатты қорғау – болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз, ал еңбек адамын құрметтеу – әділетті қоғамның басты өлшемі», – деді Нұрлан Толыбаев.

Еңбек адамдарының алдында сөз алған Құрылтай депутаттығына кандидат Дәурен Битемиров  су мен ауа, жер бізге ата-бабадан аманат болып жеткен қазына екенін айтып, оны келер ұрпаққа таза күйінде табыстаудың маңызына тоқталды. Осы жөнінде өз пікірін білдірген облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреева, «Әділет» партиясы экономика мен экологияны бір-бірімен үйлестіріп,  заманауи технологиялар, қалдықтарды қайта өңдеу, ресурсты үнемдеу және экологиялық жауапкершілік арқылы Қазақстанның жаңа даму моделін ұсынып отырғанын жеткізді.

Партия өзінің сайлауалды бағдарламасында қоршаған ортаға зиянды шығарындыларды кезең-кезеңімен азайтуға, қалдықтарды басқару жүйесін цифрландыруға, оларды сұрыптау мен қайта өңдеу үлесін арттыруға, су мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға, ауа сапасын бақылауды күшейтуге және азаматтардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған нақты бастамаларды ұсынады. Сонымен бірге «Таза Қазақстан» идеясын қоғамдық қозғалыс деңгейіне көтеріп, табиғатқа жанашырлықты күнделікті өмірдің ажырамас қағидатына айналдыру көзделгені атап өтілді.

Пікір алмасу барысында еңбек ұжымы тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау инфрақұрылымын кеңейту, арнайы техникалар паркін жаңарту, коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбек қауіпсіздігін күшейту, әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру, жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қала аумақтарын көгалдандыру және тұрғындардың тазалық мәдениетін арттыру бағытында ұсыныстарын жеткізді. Штаб мүшелері көтерілген бастамалардың барлығы жүйеленіп, партияның алдағы жұмысы мен бағдарламалық міндеттерін іске асыру барысында ескерілетінін атап өтті.

Шымкентте «Мадлен» кәсіпорны ұжымымен кездесті

Шымкент қаласындағы «Мадлен» кәсіпорнының еңбек ұжымымен кезекті кездесу өтті. Іс-шараның мақсаты – партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарын кеңінен таныстырып, еңбек адамдарының ұсыныс-пікірлерін тыңдау және ашық диалог алаңын қалыптастыру болды. Кездесуге кәсіпорынның 50-ден астам қызметкері қатысты.

Басқосуға «Әділет» партиясының сайлауалды штабы жетекшісінің орынбасары Е. Байқонысов, Құрылтай депутаттығына кандидаттар Б.Нарымбетов, Н.Керимбаева, штаб мүшелері О.Лештаев, А.Сарымсақова, Ж.Нысанбаева және М.Ермаханбетова қатысып, ұжыммен мазмұнды әңгіме өрбітті. Партия өкілдері еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған сайлауалды бағдарламаның басым бағыттарына жан-жақты тоқталды.

Кездесу барысында әділетті қоғам қалыптастыру, халықтың әл-ауқатын арттыру, кемінде 1 миллион жаңа жұмыс орнын ашу, шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, еңбек адамдарының құқықтарын қорғау, қолжетімді тұрғын үй саясатын жетілдіру, сапалы білім мен тиімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру, жастардың әлеуетін арттыру, ауыл-аймақтардың дамуын жеделдету, әлеуметтік қолдау тетіктерін күшейту және мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған бастамалар кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ азаматтардың табысын арттыруға, өңірлердің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге және экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге арналған нақты ұсыныстар да таныстырылды.

Іс-шара ашық пікір алмасу форматында өтті. Кәсіпорын қызметкерлері өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, еңбек қатынастары, әлеуметтік қолдау, кәсіпкерлікті дамыту және жастардың болашағына қатысты ұсыныстарын жеткізді. Партия өкілдері барлық сауалдарға жіті жауап беріп, сайлауалды бағдарламада көзделген бастамалардың жүзеге асырылу тетіктерін түсіндірді.

Кездесу соңында ұжым мүшелері партияның сайлауалды бағдарламасына қызығушылық танытып, ұсынылған бастамалардың қоғам үшін маңыздылығын атап өтті. Олар кандидаттарға алдағы саяси науқанда сәттілік тілеп, елдің тұрақты дамуына бағытталған реформалардың табысты жүзеге асуына сенім білдірді.