Сербияның астанасы Белградта Қазақстан азаматы қаза тапты. Қазіргі уақытта Қазақстанның Сербиядағы елшілігі жергілікті құқық қорғау органдарымен бірлесіп, қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Марқұмның әкесінің айтуынша, қызы біраз уақыт байланысқа шықпаған соң, оны іздеп Сербияға өзі барған. Белградқа келгенде оған бойжеткеннің тұрғын үйдің алтыншы қабатынан құлап көз жұмғаны хабарланған.
Алайда марқұмның туыстары оқиғаның суицид болғанына күмән келтіріп отыр. Олар істің жан-жақты әрі ашық тергелуін талап етіп, бойжеткеннің өліміне оның Белградтағы таныстарының қатысы болуы мүмкін деген болжам айтады.
«Елшілік Сербияның құқық қорғау органдарымен бірге оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Дипломаттар марқұмның отбасымен тұрақты байланыста», – деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі.
Айта кетейік, бұл – шетелде қазақстандықтардың жұмбақ жағдайда қаза табуына қатысты алғашқы оқиға емес. Бұған дейін маусым айында АҚШ-тың Иллинойс штатында 24 жастағы Қазақстан азаматы Әсет Құралбай да белгісіз жағдайда көз жұмған болатын. Оның үйінен жеке құжаттары, банк картасы және «егер өзіне бірдеңе болса, құжаттарды көрсетілген мекенжайға жеткізуді» сұраған жазба табылған. Аталған іс бойынша да тергеу жалғасып жатыр.
