Қазақстан Халық партиясы Ұлы Отан соғысы жылдарында хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің тағдырын анықтаумен айналысатын «Мемориалдық аймақ» қоғамдық бірлестігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Қазақстан Халық партиясы тарихи жадымызды сақтауды қолдайды
Фото: Қазақстан Халық партиясының баспасөз қызметінен алынды
44
оқылды

Құжатқа партияның орталық кеңсесінде қол қойылды. Қазақстан Халық партиясы атынан оның төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов, ал қоғамдық бірлестік атынан оның жетекшісі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Майдан Құсайынов қол қойды. Келісім іздестіру экспедицияларына қолдау көрсетуге, архивтік жұмыстарға қатысуға және тарихи мұраны сақтауға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға арналған.

– Менің бұл тақырыпқа қатысты жеке тарихым бар. Арғы атам майданға аттанғаннан кейін отбасына хат жазып тұрған. Соңғы хаты Вена қаласынан келген еді, содан кейін байланыс үзілді, – деді Нұрсұлтан Шоқанов. – Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде іздеушілердің қажырлы еңбегінің арқасында Австриядан арғы атам жерленген бауырластар зираты табылды. Сол қорымнан бір уыс топырақ Алматыдағы арғы әжемнің қабіріне жеткізіліп, мәңгілікке табысталды.

«Мемориалдық аймақ» қоғамдық бірлестігінің іздеушілері жарты ғасырға жуық уақыт бойы құжаттарды зерттеп, әскери архивтерде іздеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Олар шайқас болған жерлерге экспедициялар ұйымдастырып, жауынгерлерді қайта жерлеу рәсімдерін өткізеді және бауырластар зираттарындағы ескерткіштерді қалпына келтіреді. Осы уақыт ішінде олардың еңбегінің нәтижесінде үш мыңнан астам жауынгердің жеке басы анықталып, өмірбаяны қалпына келтірілді. Олардың қатарында Қазақстаннан майданға шақырылған азаматтар да бар. Сонымен қатар, іздеу жасағы мектептерде ерлік сабақтарын өткізіп, тарихи реконструкциялар ұйымдастырады. Майдан Құсайынов пен оның әріптестері сол кезеңдегі әскери киім үлгілерін де қайта жасап шыққан. Бұл майдангерлердің ұрпақтары аталары мен бабаларының қандай киіммен Отан қорғауға аттанғанын білуі үшін жасалып отыр.

– Ортақ міндетіміз – барлық ұрпақ өз халқының ерлігін біліп, оны әрдайым есте сақтап, мақтан тұтуы тиіс, – деп атап өтті Майдан Құсайынов.

Майдан даласында қаза тапқандарды, еліміздің бейбіт өмірі үшін жанын қиған ерлерді ұмытпай, олардың ерлігін ұлықтау – әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы.