Электрондық құжатты көрсету үшін пайдаланушы алдымен мобильді қосымшада сәйкестендіру және авторизациялау рәсімдерінен өтуі керек.
Электрондық құжаттарды пайдалану тәртібі өзгерді
фото: www.istockphoto.com
92
оқылды
Премьер-министр орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2026 жылғы 28 шілдедегі бұйрығымен цифрлық құжаттар сервисінде электрондық құжаттарды көрсету және пайдалану қағидалары бекітілді, деп хабарлайды Aikyn.kz

Осыдан кейін пайдаланушы электрондық құжатты көрсетуге сұрау жібереді. Электрондық құжат тиісті құжатты қалыптастыруға негіз болатын мемлекеттік органдардың немесе өзге де ұйымдардың цифрлық жүйелеріндегі мәліметтер негізінде сервис арқылы көрсетіледі. Сервисте қолжетімді электрондық құжаттар қол қойылған қағаз құжаттармен тең дәрежеде қолданылады.

Электрондық құжатты пайдалану үшін азамат мобильді қосымшада сәйкестендіру және авторизациялау рәсімдерінен өткеннен кейін оны сервис арқылы ұсынады. Электрондық құжат мобильді қосымшаның мүмкіндіктері арқылы үшінші тұлғаға беріледі. Ол үшін QR-код, қысқа код немесе сервисте көзделген өзге де тәсілдер пайдаланылуы мүмкін.

Сәйкестендіру және авторизациялау рәсімдерінен өткеннен кейін пайдаланушы сервис арқылы қажетті электрондық құжатты таңдайды.

Үшінші тұлғалар электрондық құжатқа пайдаланушының сервис арқылы берген келісімі негізінде ғана қол жеткізе алады.

Электрондық құжатты үшінші тұлғаға ұсыну үшін сервис пайдаланушының сұрауы бойынша уақытша қол жеткізуге арналған QR-код немесе қысқа код қалыптастырады. QR-кодтың немесе қысқа кодтың қолданылу мерзімі бір минуттан аспайды.

QR-код сканерленгенде немесе қысқа код енгізілгенде, цифрлық жүйе электрондық құжатты көрсету туралы сұрауды сервиске жібереді.

Сервис сұрау параметрлерінің дұрыстығын, пайдаланушы келісімінің бар-жоғын және электрондық құжаттың өзектілігін тексергеннен кейін құжатты көрсетеді.

Қандай да бір сәйкессіздік анықталған жағдайда электрондық құжатқа қол жеткізуге рұқсат берілмейді.

Үшінші тұлғалар электрондық құжаттарды сервиспен ықпалдастырылған жүйе арқылы ала алады. Ол үшін пайдаланушының келісімі қажет. Келісім "цифрлық үкімет" веб-порталында тіркелген пайдаланушының ұялы телефон нөміріне SMS-хабарлама арқылы жіберілген қысқа кодты үшінші тұлғаға беру жолымен расталады.

Жеке басты куәландыратын электрондық құжаттар төлем және қаржылық қызметтерді алу кезінде пайдаланушының келісімі негізінде сервис арқылы ұсынылады және пайдаланылады.

Бұйрық 2026 жылғы 15 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі. Осыған дейін қолданыста болған қағидалардың күші жойылады.