Шара ЖСДП-ның «Прогресс жолындағы 20 белес» бағдарламасына және оны өңірлік мәселелерді шешуде қолдану жолдарына арналды.
ЖСДП Қарағандыда жастармен кездесу өткізді
фото: ЖСДП-ның баспасөз қызметінен алынды
120
оқылды
ЖСДП-дан Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Әубәкіров Қарағандының студенттерімен және жұмысшы жастарымен кездесу өткізді, - деп хабарлайды Aikyn.kz ЖСДП Орталық сайлау алдындағы штабының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
«Кандидат кездесуді бағдарламаны таныстырудан емес, залдағы жастардан оқу бітірген соң Қарағандыда қалып жұмыс істеуді жоспарлайтынын немесе Астанаға, Алматыға, тіпті шетелге көшуді ойлап жүргенін сұраудан бастады.

«Нағыз күн тәртібі міне осы. Партиялардың бағдарламасында жазылған дүние емес, дәл осы залда отырған сіздердің көкейлеріңіздегі мәселе маңызды», – деп Нұрлан Әубәкіров жастарға ой тастады.

Кандидат өз сөзінде қарағандылық жастарға тікелей қатысы бар алты бағытты жіпке тізгендей талдап берді. Олар: түлектерді жұмысқа орналастыру және өңірден білікті мамандардың кетуі, экологиялық ашықтық, ТҮКШ пен МИБ (ОСИ) саласын реформалау, жоғары оқу орындарының бағдарламаларын экономиканың нақты қажеттіліктеріне жақындату, киберқауіптерден қорғану және жастардың жергілікті деңгейде шешім қабылдау процесіне нақты қатысуы.

Әубәкіров жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударды.

«Мәселе жұмыстың жоқтығында емес – жұмыс орны жеткілікті. Басты мәселе – тәжірибесі жоқ жас мамандардың ол орындарға орналасуы өте қиын, ал қалада өндірістен тыс балама бағыттар өте аз. Біз құрғақ уәде емес, алғашқы жұмысқа орналасудың нақты бағдарламаларын және өңір кәсіпорындары мен жоғары оқу орындарының серіктестігін, яғни түлектер үшін нақты квоталар бөлуді ұсынамыз», – деп мәлімдеді кандидат.

Өнеркәсіпті аймақ үшін өзекті саналатын экология тақырыбы да дәл сондай өткір қозғалды. «Біздің ұсынысымыз – ауа мен судың жай-күйі туралы деректердің ашық әрі қолжетімді болуы. Тұрғындар көзбояушылық үшін жасалған есептерді емес, шынайы көріністі көруі тиіс», – деп атап өтті Әубәкіров.

Жастардың өкілдігі туралы айтқанда кандидат мәселені ашық қойды: жастар кеңестері тек қағаз жүзінде (формальды) жұмыс істеп тұрғанда, оларға деген сенім де болмайды. «Біз жай ғана «декоративті» өкілдікті емес, жергілікті деңгейде шешім қабылдау процесіне нақты қатысуды ұсынамыз», – деді ол.

Баяндамадан кейін кездесу ашық диалог форматына ұласты: жастар жұмысқа орналасу мен экологиядан бастап, ұсынылған бастамалардың нақты іске асу мерзімдеріне дейінгі өздерін мазалаған сұрақтарын белсенді қойды. Кандидат залдағы барлық сұрақтарға жауап беріп, алдын ала дайындалған тезистер емес, дәл осындай тірі әңгіме қарағандылық жастардың нақты басымдықтарын көрсететінін баса айтты.

Сөз соңында кандидат жастарды ел болашағынан тыс қалмай, белсенді болуға шақырды: «23 тамыз – күнтізбедегі жай ғана күн емес, бұл – әрқайсыңыз үшін осы қала мен тұтас елдің ертеңі қандай болатынына тікелей ықпал ету мүмкіндігіне ие болатын күн. Сайлауға келіңіздер және Қазақстанның әділетті болашағы үшін дауыс беріңіздер», – деді ЖСДП-ның өкілі сөзін түйіндей келе.