Пікірталас басталмас бұрын саяси партия өкілдерінің сөз сөйлеу кезегін анықтайтын ашық жеребе тарту рәсімі болды. Жүргізуші партияларды кезекпен атап, реттік нөмірлер жазылған карталар салынған арнайы ыдыстан әр партия өкілінің картаны өзі таңдауына мүмкіндік берді. Жеребе нәтижелері электрондық жүйеде тіркеліп, экранда нақты уақыт режимінде көрсетіліп отырды. Жеребе тарту қорытындысы бойынша саяси партиялар өкілдерінің сөз сөйлеу реті белгіленді. Алғашқы болып Respublica партиясының өкілі Мейрамгүл Мәдәлі, екінші «Ақ жол» партиясының өкілі Дулат Тастекей, үшінші Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Мақсұт Насибулов, төртінші «Әділет» партиясының өкілі Рауан Кенжеханұлы, бесінші «Байтақ» партиясының өкілі Аслан Байзаханов, алтыншы «Ауыл» партиясының өкілі Шахмардан Байманов және жетінші Қазақстанның Халық партиясының өкілі Бейбіт Құсайынов рет-ретімен сөз кезегін алды. Пікірсайыс төрт кезең бойынша ұйымдастырылды.
Жеребе бойынша партия өкілдері бірінші кезеңде бір-біріне сұрақ қойып, сайлауалды бағдарламаларындағы басымдықтар, оларды іске асыру тетіктері және мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Теледебаттың екінші кезеңінде әр партия өкілі өз ұстанымын айтып, әлеуметтік желі арқылы келіп түскен сұраққа жауап берді. Үшінші кезеңде әр партия өкіліне залда отырған партия мүшелері сұрақ қойды.
Төртінші кезеңде партия өкілдері өз партияларының алдағы басым міндеттері мен ұсыныстарын жеткізді.
Respublica партиясының өкілі Мейрамгүл Мәдәлі жоғары білім беру жүйесін дамыту және оның халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған ұсыныстарын таныстырды. Партия шетелдік талапкерлерге арналған цифрлық қабылдау жүйесін енгізуді, қос дипломды бағдарламаларды кеңейтуді, білім экспортын дамытуды, тәуелсіз аккредиттеу жүйесін жетілдіруді және жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігін кеңейтуді ұсынды.
«Ақ жол» партиясының өкілі Дулат Тастекей педагогтардың еңбек жағдайын жақсарту және жалақысын арттыру қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ партия әлеуметтік саясатты жетілдіруге және білім беру жүйесін дамытуға бағытталған заңнамалық бастамаларды жүйелі түрде ұсынып келе жатқанын атап өтті.
ЖСДП өкілі Мақсұт Насибулов жоғары білімнің қолжетімділігін арттыруды қолдайтынын айтты. Оның пікірінше, жоғары оқу орындарында тегін білім беру популистік шара емес және мұндай тәжірибе Еуропаның бірқатар елінде сәтті жүзеге асырылып келеді. Партия жоғары білім алу мүмкіндігі отбасының қаржылық жағдайына ғана тәуелді болмауға тиіс деп есептейді.
«Әділет» партиясының өкілі Рауан Кенжеханұлы білім беру жүйесін цифрландыруға бағытталған бастамаларды таныстырды. Партия білім беру саласында жасанды интеллектіні қолдануды кеңейтуді ұсынып, жеке деректерді қорғауға, цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға басымдық беретінін мәлімдеді. Сонымен қатар алдағы бес жыл ішінде 5 миллион қазақстандықты цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дағдыларына оқыту жоспарын ұсынды.
Ал «Байтақ» партиясының өкілі Аслан Байзаханов экологиялық мәдениетті ерте жастан қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, экологиялық ағарту жұмыстары балабақшадан бастап мемлекеттік басқару жүйесіне дейін үздіксіз жүргізілуі қажет. Сондай-ақ партия осы уақытқа дейін 150 мыңнан астам адамды қамтыған экологиялық сауаттылық бағдарламаларын жүзеге асырғанын атап өтті.
«Ауыл» партиясының өкілі Шахмардан Байманов «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының орындалуын бақылауды күшейтуді ұсынды. Партия бағдарламаның іске асырылуын қадағалау тетіктерін жетілдіру қажет деп санайды. Сонымен қатар ауылдық квота арқылы жоғары оқу орындарына түскен түлектер оқуын аяқтағаннан кейін туған ауылдарына барып еңбек етуге тиіс деген ұстанымын білдірді.
Қазақстанның Халық партиясының өкілі Бейбіт Құсайынов колледждерді бейінді жеке компаниялардың сенімгерлік басқаруына беруді ұсынды. Партияның пікірінше, бұл тәсіл студенттердің оқу барысында өндірістік тәжірибеден өтуіне және оқу аяқталғаннан кейін мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына мүмкіндік беріп, білікті жұмысшы кадрлардың тапшылығын азайтуға ықпал етеді.
«Жетінші арнаның» тікелей эфирінде өткен телевизиялық дебатқа көрермендер ерекше белсенді қатысты деуге болады. Сонымен қатар көрермендер Жетінші арнаның ресми Instagram парақшасындағы арнайы жарияланымға пікір қалдыру арқылы да пікірталасқа атсалысты.
Тікелей эфир барысында әр кезең сайын QR-код арқылы онлайн дауыс беру жалғасты. Екі сағаттан артық уақытқа созылған пікірсайыс барысында көрермендер «Қай партия өкілінің сөзі өтімді?» деген сұраққа жауап беріп, өз таңдауын жасады. «Жетінші арнаның» тапсырысымен дайындалған сұраққа ҚҚДИ жауап іздеп, дауыс беру қорытындысын тікелей эфирде жариялады. Нәтижесінде, «Әділет» партиясы – 45,48 пайыз дауыс жинаса, «Ауыл» партиясы – 15,58, Respublica партиясы – 12,01, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 9,71, «Ақ жол» партиясы – 7,98, Қазақстанның Халық партиясы – 6,96 пайыз, «Байтақ» партиясы 1,58 пайыз дауыс жинады.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
