Күдікті ұсталып, полицияға жеткізілген. Полицейлер бұл оқиғаға міндетті түрде құқықтық баға беріліп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес процессуалдық шешім қабылданатынын, оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын атап өтті.
Алматыдағы саябақтағы оқиға: балалардың анасы мән-жайды баяндады
фото: www.istockphoto.com
43
оқылды

Алматылық Гаухар есімді тұрғын әлеуметтік желіде «Атакент» маңындағы саябақта белгісіз ер адамның балаларға шабуыл жасағанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оның айтуынша, оқиға бүгін таңғы сағат 08:00 шамасында балалардың жаттығуы кезінде болған. Ер адам балаларға айқайлап, оларды пышақтап кететінін айтып қорқытқан. 

– Алдымен ол қыз баланы ұрмақ болды, бірақ қыз жалтарып үлгерді. Кейін менің 10 жастағы ұлымның көзіне жұдырықпен соқты. Баламның көзінің асты көгеріп қалды. Балалар қатты қорқып, қашып кеткен, – дейді ол.

Гаухардың айтуынша, оқиға орнында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік даярлық орталығының әскери қызметшілері болған.

Олар күдіктінің соңынан қуып жетіп, ұстап, «102»-ге хабар берген және оны полиция қызметкерлеріне тапсырған.

– Балам зардап шекті. Ертең оның орнында кез келген басқа бала болуы мүмкін. Балалар қашып үлгергені жақсы болды. Егер оның жанында шынымен пышақ болғанда, салдары қайғылы болуы мүмкін еді. Қауіп тек менің балама емес, басқа балалардың өміріне де төнді, – деп жазды ол.

Алматылық әйел ересек адамның қорғансыз балаға қол көтергені үшін заңда барынша қатаң жаза қарастырылуы тиіс деп есептейді.

– Ересек адам баланың өзіне тең қарсы тұра алмайтынын жақсы түсінеді. Балаға қол көтеріп, оны пышақтаймын деп қорқыту – жай ғана дене жарақатын салу емес. Бұл айналасындағыларға қауіп төндіретін адам, – дейді ол.

Оның пікірінше, мұндай адамдарды қоғамнан оқшаулау қажет.

Бұл жағдайға қатысты Алматының полиция департаментінің мәлімдеуінше, кәмелетке толмаған балаға саябақ аумағында күш қолдану фактісі бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы тергеу жүргізіліп жатыр.