Оралда мұздатылған етті жартылай фабрикаттарға сынақ жүргізілмей, сәйкестік туралы құжат рәсімделгені анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл фактіні Техникалық реттеу және метрология комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен бірлесіп анықтады.
Тексеруге мұздатылған ет құрамды жартылай фабрикаттарды бақылау мақсатында сатып алу кезінде алынған материалдар негіз болған. Өнім Беларусь Республикасының сертификаттау органы рәсімдеген ЕАЭО сәйкестік туралы декларациясымен бірге сатылған.
Құжаттарды зерделеу барысында декларация Алматы қаласындағы аккредиттелген сынақ зертханасы бергені көрсетілген сынақ хаттамасына сүйеніп тіркелгені анықталды.
Алайда департамент құжаттың түпнұсқалығын тексеру үшін зертханаға ресми сұрау жолдаған. Зертхана жауабында аталған өнімге сынақ жүргізілмегені, ал көрсетілген сынақ хаттамасының мүлде рәсімделмегені және берілмегені расталды.
Осыған байланысты сәйкестік туралы декларацияның өнімнің ЕАЭО техникалық регламенттерінің талаптарына сай екенін растайтын нақты дәлелі болмағаны анықталды.
Тексеру нәтижесінде декларацияның Қазақстан аумағындағы қолданысын тоқтату туралы шешім қабылданды. Тиісті ақпарат уәкілетті органға және техникалық реттеу саласында бақылау жүргізетін мемлекеттік органдарға жолданды.
Сәйкестікті растау және бағалау тәртібін бұзғаны үшін өнім өндіруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Департаменттің мәліметінше, бұл жағдай өнімнің сәйкестігі туралы декларацияның арнайы тізілімде тіркелуі оның қауіпсіздігі іс жүзінде тексерілді дегенді білдірмейтінін көрсетті.
Мамандар сынақ хаттамаларының түпнұсқалығын тексеру және өнімге жүргізілген сынақтардың қадағалануын қамтамасыз ету «сұр» сертификаттауға қарсы күрестің маңызды тетігі екенін атап өтті.
Департамент осындай күмәнді құжаттарды анықтау және тиісті сынақтар жүргізілмей декларация рәсімдеу фактілерінің жолын кесу бойынша жұмысты жалғастырады.
