Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Семей қаласының медицина қауымдастығы өкілдерімен кездесті.
Қазақстан Халық партиясының өкілдері медициналық қызмет сапасын арттыру мәселесін көтерді
Фото партияның баспасөз қызметінен алынды
143
оқылды

Кездесуде Қазақстан Халық партиясының денсаулық сақтау саласындағы сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары талқыланды. Басқосу пікір алмасып, нақты ұсыныс әзірлеуге мүмкіндік беретін ашық диалог алаңына айналды.

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов атап өткендей, заманауи денсаулық сақтау жүйесі қолжетімді, сапалы әрі адамға бағытталған болуы тиіс.

– Дәрігерлер үнемі құжат толтырумен айналыспай, науқастарды емдеуі керек! – деп атап өтті ол.

Қазақстан Халық партиясы медицина қызметкерлерінің еңбек құқығын қорғау мәселесінде принципті ұстанымда. Партия медициналық қызметтің сапасын жасанды интеллект қолдану арқылы бақылайтын ұлттық цифрлық жүйе құруды ұсынады. Бұл медицина қызметкерлерін артық бюрократиялық жұмыстан босатуға мүмкіндік береді. Партия өкілдері ауылдық жерде жұмыс істейтін дәрігерлердің жалақысын арттыруды қолдайды.

Бастамалар қатарында өңірлердің нақты мамандарға деген ұзақ мерзімді қажеттілігіне негізделген медицина кадрларын мақсатты даярлау жүйесін енгізу, сондай-ақ оқу орнын жаңадан бітірген медицина мамандарына көтерме төлем, қызметтік баспана, жеңілдетілген ипотека және басқа да қолдау шаралары бар.

Қазақстан Халық партиясы әр азаматқа өзінің медициналық тарихына, тексеру нәтижесіне, дәрігердің еміне және емдеу туралы ақпаратқа толық қолжетімділік беретін бірыңғай цифрлық кабинет енгізуді ұсынады.

Бұл ретте жүйе дербес деректердің қорғалуы мен медициналық құжаттаманың ашықтығына кепілдік беріп, мәліметтерді негізсіз өзгерту мүмкіндігін болдырмауы тиіс. Бұл пациенттердің құқығын қорғап, медициналық құжаттарға негізсіз тіркеу мен жалған мәлімет енгізуге жол бермейді. Сонымен қатар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметін толығымен ашық етуді жақтайды.

Н. Шоқанов паллиативтік көмек көрсету жүйесін кеңейтудің маңыздылығына жеке тоқталды. Оның айтуынша, әсіресе ауыр дертке шалдыққан балаларға көрсетілетін көмекке айрықша назар аудару қажет.

– Халық партиясының депутаттық бастамаларынан кейін елімізде балаларға паллиативтік медициналық көмек көрсетудің мемлекеттік стандарты бекітілді, – деді Қазақстан Халық партиясы төрағасы. – Бұл бүкіл ел бойынша ауыр дертке шалдыққан балаларға мамандандырылған көмек көрсетудің бірыңғай талабын белгілеуге және мұндай пациенттерге медициналық қолдау көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

Халық партиясы медицина қызметкерлері өздерінің абыройлы еңбегіне лайықты ақы алуы керек деген бастаманы алға ілгерілетіп, Қазақстанның әрбір азаматының дер кезінде сапалы және заманауи медициналық көмек алуына қол жеткізуіне ықпал етуді әрі қарай да жалғастыра береді.