Бұл – Республикалық сайлауалды штабтың өңірлердегі сайлаушылармен өткізген оныншы форумы. Бұған дейін партия еліміздің он өңірінде халықпен жүздессе, енді эстафетаны Алматы қабылдады.
Бір мақсатқа жұмылған Respublica елдің басын қосты
фото: Respublica партиясының баспасөз қызметінен алынды
127
оқылды

Алматы Respublica партия жақтастарының форумы өтіп, елдің басын қосты, - деп хабарлайды Aikyn.kz Respublica партиясының баспасөзіне сілтеме жасап. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Respublica партиясы жақтастарының Алматыдағы форумы – жай бір саяси жиын емес, ортақ мұратқа сенген азаматтардың басқосуы. Залға жиналған кәсіпкерлер, қоғам белсенділері, жастар мен алматылықтар бір мақсат, бір мүдде төңірегінде тоғысты.

Форумда партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров сөз алып, Алматының өзі үшін ерекше қала екенін айтты.

– Алматы – менің алғашқы махаббатым. Бұл – жастықтың жігері мен арманның қаласы. Бірақ ең бастысы – бұл өзгерістен қорықпайтын адамдардың қаласы. Біз бәріміз кәсіптен келдік. Өз ісімізді жүргіздік, жұмыс орындарын аштық. Бірақ бір сәтте елді өзгертпей, өзіңнің ғана жағдайыңды түзету жеткіліксіз екенін түсіндік. Сондықтан саясатқа келдік. Біз үшін мандат – мақсат емес, халыққа қызмет ететін құрал. Бізге кресло да, атақ та керек емес. Біз Қазақстанды жақсы жаққа өзгерткіміз келеді. Егер оны біз жасамасақ, онда кім жасайды? – деді ол.

Айдарбек Қожаназаров 2023 жылғы сайлауда Алматы Respublica партиясына ерекше қолдау көрсеткенін еске салып, сол сенімнің нәтижесінде соңғы үш жарым жылда вейптерге тыйым салу, букмекерлік жарнаманы шектеу, шағын және орта бизнесті қорғау, ауылдық ипотека бағдарламасы, әйелдердің саясаттағы үлесін арттыру секілді көптеген бастама жүзеге асқанын айтты.

Партияның тең төрағасы Сырымбек Тау бүгінде Қазақстандағы еңбекке қабілетті азаматтардың жартысына жуығы шағын және орта бизнесте жұмыс істейтінін атап өтті.

– Бұл – миллиондаған адамның тағдыры. Сондықтан кәсіпкерді қорғау – бір саланың емес, бүкіл елдің мүддесін қорғау. Бір адамның қолынан бәрі келмейді. Күш – бірлікте. Сондықтан әр азаматтың таңдауы маңызды, – деді ол.

Динара Шүкіжанова партияның басты ерекшелігі – оның шынайылығы екенін айтты.

– Біз өзгерген жоқпыз. Сол алғашқы күнгі сенімімізді, елге пайдамызды тигіземіз деген ниетімізді сақтап қалдық. Бүгін Алматыдағы бірнеше өндіріс орнын араладық. Сол жерде еңбек етіп жүрген адамдардың көзіне қарап сөйлейміз. Өйткені біз үшін өндіріс пен кәсіпкерлік – жай ұран емес, өмірдің өзі, – деді ол.

Қуаныш Шонбай партия саясатқа бұрын белсенді араласпаған мыңдаған азаматты біріктіргенін айтты.

– Бізге сенген әрбір адамның үміті – біздің жауапкершілігіміз. Егер бейжай қалсақ, ештеңе өзгермейді. Сондықтан үнсіз бақылаушы емес, өзгерісті бірге жасайтын азамат болуға шақырамыз, – деді ол.

Форум соңында партия көшбасшылары Алматы тағы да өз таңдауын жасай алатын қала екенін айтып өтті.