Абай күні қарсаңында Алматыда ашық аспан астындағы сахнада мыңдаған көрерменге қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының тұңғыш шығармалар жинағының жарық көру тарихын баяндайтын «Алғашқы кітап» деректі фильмі көрсетілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Докудрама жанрында түсірілген фильм Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» қолдауымен жарыққа шыққан.
Картинада қазақ руханияты үшін айрықша маңызы бар оқиға – 1909 жылы Санкт-Петербургте Ильяс Бораганский баспаханасынан жарық көрген Абайдың тұңғыш кітабының тарихы баяндалады.
Фильм авторлары ұлы ақынның шығармалары қалай жинақталғанына, кітаптың жарық көруіне кімдердің атсалысқанына және оның не себепті Семейде емес, сол кездегі Ресей империясының астанасы Санкт-Петербургте басылғанына жауап іздейді.
Сондай-ақ картинада Абайдың көзі тірісінде өз шығармаларын жинақтап, кітап етіп шығаруға әрекет жасаған-жасамағаны, алғашқы жинақты басып шығару барысында қандай кедергілер болғаны да қамтылады.
Абай небәрі жиырма жылға жуық шығармашылық ғұмырында қазақтың әдеби тілі мен көркемдік, этикалық ойлау жүйесіне орасан ықпал етіп, ұлттық руханиятты жаңа биікке көтерді. Оның 1909 жылы жарық көрген тұңғыш жинағы осы шығармашылық мұраның кейінгі ұрпаққа жетуіндегі маңызды кезеңдердің бірі саналады.
Мерекелік кештің соңы әнмен жалғасты. Ашық аспан астына жиналған мыңдаған көрермен Абайдың әндерін бірге орындап, ұлы ақынның рухани мұрасын ұлықтады.
