Маңғыстау облысындағы «Құлжан» мұнай кен орнында болған өрттің мән-жайы белгілі болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ведомство мәліметінше, өрт 7 тамыз күні сағат 18:10-да Meerbusch ЖШС-не қарасты кен орнындағы мұнай қабылдау пунктінде болған.
Алдын ала ақпарат бойынша, көлемі 2000 текше метр болатын №2 резервуардың түптік шөгінділерін ішкі тазалау жұмыстары кезінде цементтеу агрегатынан өрт шыққан. Ол уақытта резервуар бос болған және ішінде мұнай болмаған.
Өрт 19:20-да оқшауланып, 20:00-де толық сөндірілді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда нысан штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Алдын ала мәлімет бойынша, елеулі материалдық залал анықталмаған.
Экология департаменті технологиялық жабдықтар мен нысан аумағынан тыс жерлерге мұнай төгілмегенін мәлімдеді.
Өрттің нақты себебі, ықтимал материалдық залал көлемі және оқиғаға құқықтық баға тиісті тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін белгілі болады. Оқиға туралы Төтенше жағдайлар департаменті мен мемлекеттік еңбек инспекциясына хабар берілген.
