9 тамызда жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Қазақстандық KNUS командасы үшінші орын үшін күреседі, – деп хабарлайды Aikyn.kz Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі.
16 команданың ішінен жартылай финалға төрт команда шықты: Ural State Mining University, Kazakh National University of Sports, University of Texas at Dallas және Saint Louis University. Saint Louis University командасы University of Texas at Dallas-ты екі мәрте сенімді жеңіп (3,5–0,5 және 3–1) финалға шықты.

Қалған екі команданың кездесуі шиеленісті өтті. Алдыңғы күні KNUS өкілдері Грекияның National Technical University of Athens командасын жеңіп, жартылай финалға өткен болатын. Келесі кезеңде қазақстандықтарға Ural State Mining University командасы қарсылас болды. Бірінші матч 2:2 есебімен тең аяқталды, екінші матчта қазақстандық команда 1:3 есебімен жеңілді. Жалпы қорытынды: 3:5. Қазақстандық командаға бір ұпайды гроссмейстер Қазыбек Нөгербек әкелді, ол әлемнің 2023 жылғы жасөспірімдер (U20) арасындағы вице-чемпионы Арсений Нестеровпен екі рет тең түсті. Халықаралық мастер Сәтбек Ахмединов әлемнің 2019 жылғы жасөспірімдер (U16) чемпионы Рудик Макарянмен тең түсіп, жарты ұпай қосты. Меруерт Қамалиденова әлемнің 2019 жылғы қыздар (U16) чемпионы Лея Гарифуллинамен екі партияда 1,5 ұпай жинады: бір партияны жеңіп, екіншісін тең аяқтады. Халықаралық мастер Арыстан Исанжулов гроссмейстер Сергей Лобановпен екі рет кездесті – екі партияда да қарсылас жеңіске жетті.
Нәтижесінде, Ural State Mining University Saint Louis University-мен чемпиондық үшін күреседі, ал Kazakh National University of Sports University of Texas at Dallas-пен үшінші орын үшін матчтар өткізеді.
9 тамызда командалар екі-екі шешуші матч ойнайды. Сағат 11:00-де финал мен қола үшін матчтың алғашқы кездесулері, сағат 15:00-де екінші кездесулер басталады. Есеп тең болған жағдайда тай-брейктер қарастырылған. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры – 50 мың еуро. Жеңімпаз 25 мың еуро, күміс жүлдегер – 15 мың, қола жүлдегер 10 мың еуро алады.
FIDE World University Team Chess Championship алғаш рет өткізіліп отыр. Финалдық кезеңге қатысу құқығы үшін 49 елден 79 университеттік команда бақ сынасты. Онлайн-квалификация қорытындысы бойынша сегіз күшті команда іріктеліп алынды, тағы сегіз команда ұйымдастырушылардың шақыруымен қатысты. Осылайша, Алматыдағы финалдық кезеңге 16 университеттік команда қатысты. Топтық кезеңнен кейін сегіз күшті команда плей-оффқа шықты. Плей-оффқа ширек финал, жартылай финал, үшінші орын үшін матч және финал кіреді.
Чемпионат әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Farabi Hub-ында өтуде. Жарысты ұйымдастырушылар: Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE), Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қазақстан шахмат федерациясы, Алматы қаласының әкімдігі. Іс-шараның бас серіктестері – Freedom компаниялар тобы, «Шапағат» корпоративтік қоры. Ресми серіктестер: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Almaty Tourism Bureau және Visit Almaty, Herbalife компаниясы, Lichess.org онлайн-платформасы, Zigi-Zagi сусындар бренді, Qutty Band смарт-сағаттар бренді. Жарыстың ақпараттық серіктестері: «Еуразия» Бірінші арнасы, Qazsport, «Хабар» агенттігі, 24.kz, Jibek Joly, Silk Way, 7tv, «Астана» телеарнасы, «МИР» ТРК, Sport+, «Курсив», «Қазинформ», Tengrinews, TengriSport, Vesti.kz, Amanat media group, NewTimes, Bes.media, Aikyn.kz, Liter.kz, DK News, Ult.kz, Sportinform.kz, Azattyq Ruhy, Turkystan.kz, Жұлдыз FM, Радио NS, Orda.fm, Toppress, Today Info, Chessно говоря, ChessBase.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
