«Әділет» партиясының өкілдері Ұлытау, Түркістан және Қостанай облысын аралады.
«Әділет» партиясы Ұлытау, Түркістан, Қостанай облысында тұрғындардың ұсынысын тыңдады
Фото «Әділет» партиясының баспасөз қызметінен алынды
188
оқылды

Ұлытау облысының Жәйрем кентінде орналасқан Жәйрем тау-кен байыту комбинатында «Әділет» партиясы облыстық филиалының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасты.

Жәйрем – өңірдің өндірістік әлеуетін қалыптастырып отырған маңызды елді мекендердің бірі. Кенттің әлеуметтік-экономикалық дамуы тау-кен өндірісімен тығыз байланысты. Мұндағы ірі кәсіпорындардың тұрақты жұмысы тұрғындарды жұмыспен қамтып, жергілікті экономиканың дамуына серпін беріп келеді.

Кәсіпорынның еңбек ұжымымен өткен кездесуге Құрылтай депутаттығына кандидаттар Ақжол Құрмансейіт пен Алмат Әбдікешов қатысты.

Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, өндіріс саласын цифрландыру, заманауи технологияларды енгізу және еңбек өнімділігін арттыру мәселелері талқыланды.

Кандидаттар «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына тоқталып, өңірлерді кешенді дамытуға ерекше мән берілетінін атап өтті. Бағдарламада өңірлердің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану, өндірісті дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне басымдық берілген.

– Әділетті Қазақстанды қалыптастыру ең алдымен өңірлердің тұрақты дамуынан басталады. Жәйрем сияқты өндірістік елді мекендердің әлеуетін арттыру, кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және еңбек адамын қолдау – өңір экономикасын дамытудың маңызды тетігі, – деді кандидаттар.

Кездесу барысында комбинат еңбеккерлері өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Атап айтқанда, өндірісті цифрландыру, инфрақұрылымды дамыту, еңбек жағдайын жетілдіру және өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге қатысты ұсыныстар айтылды.

Кездесу соңында еңбек ұжымының ұсыныс-пікірлері алдағы жұмыс барысында назарға алынатыны айтылды.

Партия өкілдері құрылысшылармен тұрғын үй саясатының басым бағыттарын талқылады

Бүгін Жаңа Қала шағынауданындағы құрылыс алаңында «БК Строй» ЖШС еңбек ұжымымен үгіт-насихат кездесуі өтті. Кездесуге құрылыс саласының өкілдері, сондай-ақ «Әділет» партиясы Қостанай облыстық сайлауалды штабының мүшелері Гүлмира Капенова мен Нұрлан Иргизбаев қатысты.

Тұрғын үй құрылысы мен құрылыс саласын дамытуға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Өйткені жаңа үйлердің бой көтеруі, қалалық ортаның жаңаруы мен инфрақұрылымның дамуы – осы салада еңбек етіп жүрген мыңдаған маманның күнделікті жұмысының нәтижесі.

Негізгі тақырыптарының бірі партияның тұрғын үй саясаты болды. «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында 2031 жылға қарай халықтың тұрғын үймен қамтамасыз етілу деңгейін бір адамға шаққанда 30 шаршы метрге дейін жеткізу, апатты тұрғын үй қорын жаңарту және үлестік құрылыстағы проблемалы нысандарды аяқтау міндеттері белгіленген.

Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін тұрғын үй саясатын жетілдірумен қатар, құрылыс саласының тұрақты дамуына да жағдай жасау қажет. Бұл ретте заманауи технологияларды енгізу, білікті мамандарды даярлау, кәсіпкерлікті қолдау және саладағы іскерлік белсенділікті арттыру маңызды.

«Құрылыс – адам еңбегінің нәтижесі бірден көрініс табатын сала. Бой көтерген әрбір үйдің артында нақты мамандардың еңбегі, компанияның жауапкершілігі мен жұмыстың сапасы тұр. Сондықтан біздің міндетіміз – құрылыс саласының тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жағдай қалыптастыру. Халыққа қолжетімді баспана қажет, бизнеске түсінікті әрі ашық ережелер керек, ал қалаларды салып жатқан адамдардың еңбегі лайықты бағалануы тиіс. Бұл – «Әділет» партиясының бағдарламасында көзделген әділдік және жауапкершілік қағидаттарының нақты көрінісі», – деді Гүлмира Капенова.

Кездесу еңбек ұжымдарымен тікелей диалог орнатып, құрылыс саласының өзекті мәселелерін талқылауға және партияның сайлауалды бағдарламасында белгіленген басым бағыттарды түсіндіруге мүмкіндік берді.

Түркістан облысы Абай ауылында ақынды ұлықтады 

«Әділет» партиясы Түркістан облыстық сайлауалды штаб өкілдері Келес ауданында бірқатар кездесулер өткізді. Абай ауылындағы жұмыс сапары аясында облыстық үгіт-насихат тобы Абай ескерткішіне арнайы барды. Абай күнінде ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ұлы ойшылдың рухына тағзым етті. Іс-шараға қатысқан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Нұрлан Толыбаев, Бауыржан Жамалов, Нұрсадық Ергешбек, штаб мүшелері Қалыйма Жантөреева, Ләззат Асанова бұл күннің маңызына тоқталды.

«Партиямыздың «Әділет» деп аталуы тегін емес. Хакім Абай өзінің қара сөздерінде: «Рухтың ісі – әділет пен шапағат» деп, адамдықтың ең биік шыңы ретінде әділдікті көрсеткен. Бүгін біз ұлы ойшылдың ескерткішіне гүл қоя отырып, оның «Толық адам» іліміндегі әділетті қоғам орнату идеясын басшылыққа алатынымызды мәлімдейміз. Біз үшін әділет – құр ұран емес, мемлекет пен халық арасындағы шынайы сенім кепілі. Біз де Келес ауданындағы жұмыс сапарымыз аясында Абайдай ғұламаның рухына тағзым етіп отырмыз. Оның мұралары мәңгілік деп білемін, – деді Құрылтай депуттаттығына кандидат Нұрлан Толыбаев.

Абай Құнанбайұлы – қазақ жазба әдебиетінің, әдеби тілінің негізін қалаушы, философ және композитор. Мереке қарсаңында және осы күні ел бойынша түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар, соның ішінде «Абай оқулары», поэзия кештері, кітап көрмелері мен ғылыми конференциялар ұйымдастырылады. Бұл күн халықтың рухани жаңғыруына, ұлы ақынның мұрасын өскелең ұрпаққа дәріптеуге бағытталған. Оның шығармаларындағы терең пәлсапа, әділеттілік пен адалдық қағидалары – бүгінгі қоғамды ізгілендірудің басты бағдаршамы. Хакім Абайдың адамгершілік пен туралықты ту еткен өсиеттері «Әділет» партиясының да басты саяси ұстанымдарымен үндесіп жатыр.

«Ақын шығармаларында жиі айтылатын ел бірлігі, еңбекқорлық және білімге ұмтылу идеялары әрбір отандасымыздың жүрегінен орын алуы тиіс. Ұлы ойшылдың қалам тербеген әрбір сөзі – бүгінгі жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін таптырмас құндылық. Сондықтан Абай мұрасын қастерлеу ұлт болып ұйысудың маңызды шарты деп білеміз», – дейді штаб өкілдері.

Айта кетейік, 10 тамыз – қазақтың ұлы ақыны, ойшылы әрі ағартушысы Абай Құнанбайұлының туған күні. Осыған орай хакімнің 175 жылдығында, яғни 2020 жылы Абай күні пайда болды. Бұл атаулы күн Қазақстанның мереке күндері тізбесіне ресми түрде енгізілгенімен, ресми демалыс күні болып саналмайды. 

Айта кетейік, Түркістан облыстық сайлауалды штабтың Келес ауданындағы жұмыс сапары барысында Жолбасшы ауылында басталған үгіт-насихат жұмыстары Абай ауылындағы мәдениет үйінде жалғасты. Бұдан соң штаб өкілдері Бесқұбыр ауылына барып,  тұрғындармен еркін пікір алмасты.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары заң шығарушы орган Парламент атауын Құрылтай деп өзгертуге шешім қабылдаған болатын. 23 тамыз күні елімізде Құрылтай сайлауы өтеді. Саяси науқанға қатысатын 7 партия қатарында «Әділет» партиясы да бақ сынайды. Бұл туралы «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық сайлауалды штаб басшысы, Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Толыбаев өз кезегінде тарқатып айтты. Сонымен қатар жаңа Конституцияның құндылықтарына негізделген әлеуметтік мемлекет құру, азаматтардың әл-ауқатын арттыру және әрбір адамның қадір-қасиетін қорғауға бағытталған бастамалар жөнінде кең мағлұмат берді.

Кездесуге қатысқан аудан тұрғындары халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік қолдаудың әділ жүйесін қалыптастыруға, отбасы институтын нығайтуға, балаларды, аға буынды және ерекше қажеттілігі бар азаматтарды жан-жақты қолдауға бағытталған «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында белгіленген басымдықтарды қолдайтындықтарын білдірді. Алдағы сайлауда әділ әлеуметтік саясат жүргізуді басымдық етіп белгілеген ұйымды таңдайтындарын айтты.