Марқұм композитор Арман Дүйсеновтің жұбайы Айсұлу Айданқызы бас прокурордан көмек сұрады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Журналист Руслан Өтепбайға сұхбат берген ол ұлы Абылай Арманұлының өзіне қол жұмсағанына сенбейтінін және оған дәлел бар екенін айтты. Айтуынша, бұл істі "Өзіне қол жұмсады" деп жауып тастаған. Екі азаматынан айырылған ана әділдік іздеп жүргенін жеткізіп, бас прокурордан көмек сұрады.
«Өзіне қол жұмсағанына сенбеймін, оған дәлел бар. Ұлыма Жанәділ деген бала қомақты ақша қарыз болған. «Қарызымды қайтарыңдар» деп жазған хабарламалары бар. Соңғы жазысқан хабарламаларды өшірткізген. Біз сарапшыларға қайтадан экспертиза жасаттық. Олар «Адам екі қолы артына байланған күйде суицид жасай алмайды» деген қорытынды жасады. Сол қорытынды негізінде істі басқа баппен қайта қозғатқымыз келеді. Бірақ менің сөзіме құлақ асып жатқан не тергеуші, не прокурор, не бір бастық жоқ. Даусымызды ешкім естімейді. Сол себепті Берік Асыловтан көмек сұраймын», - деді Айсұлу Айданқызы.
Айта кетейік, осыдан үш жыл бұрын белгілі композитор Арман Дүйсенов өмірден өтті. Арада бір жыл өткеннен кейін ұлы Абылай Арманұлы жұмбақ жағдайда қаза тапқан болатын.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
