Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) Астанада республикалық деңгейде «Әйелдің үні – ұлттың күші!» атты сайлауалды форум өткізді, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты ЖСДП сайлау алды штабының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алғашқы сөзін бастаған партия төрағасы Асхат Рақымжанов гендерлік теңдік – әлемдік деңгейде көтеріліп отырған және ЖСДП-ның социал-демократиялық бағыттағы ұстанымы екенін айтты.
«Бұл – біздің партияның бағдарламасымен үндесетін ұстаным. Әлем қазір осы гендерлік теңдікті алға шығарып келеді. Әйтпейінше, өркендеу мен даму болмайтындығы түсінікті. Әрине, әйелдеріміз де жан-жақты жетілуі қажет. Олар саяси сауатты болуы тиіс. Біздің қыздарымыз бен аналарымыз, жұбайларымыз да лауазымды қызметтер атқарып, өздерінің білім-білігін шыңдай беруі тиіс. Жалпы, өздеріңіз байқағандай, әйел азаматтар бар жерде мейірім мен татулық болады. Сондықтан біздің ұстанымымыз – әйел отбасында ғана емес, әлемдік деңгейде де жетістікке жете алатынына сену және отбасылық зорлық-зомбылықты жою. Біз қазір жоғары заң шығарушы орындар мен билік құрылымдарында әйелдердің үлесі 30 пайыз болуы керек деп айтып жүрміз. Ал біздің партия бұл бастаманы талай жылдан бері қолдап келеді», – деді ол.
Құрылтайы депутаттығына кандидат Раушан Әубакірова партияның сайлауалды бағдарламасында гендерлік теңдікке ерекше мән берілгенін қозғады.
Оның айтуынша, отбасындағы кейбір қиын жағдайлар біздің қоғамды кері тартып, жалпы мәдениеттің өркендеуіне кесірін тигізетіні анық.
"Қазақта «Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген ұлағатты сөз бар. Әрине, ұлтымыздың тарихында осы сөзге дәлел болатын қаншама нәзік жанды тұлғалардың барын білеміз. Кешегі өткен замандардағы Тұмар ханшаны бәріміз білеміз. Домалақ ана, Әлия мен Мәншүктің ерлігі де ел есінде. Сондықтан біздің ұлт, біздің ел нәзік жандылардың білім-білігін, қарым-қабілетін түсінеді, сезінеді деп білемін. Ал біздің партия – тең мүмкіндіктер партиясы. Сондықтан ЖСДП әйел азаматтардың белсенділігін ерекше қолдайтын бірден-бір саяси ұйым", – деді ол.
Форум аясында түрлі өмірлік мысалдар да айтылып, қоғам алдындағы кейбір бүркемеленіп қалатын жағдайлардың да беті ашылды.
