Қазақстан Республикасының Женевадағы БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Ержан Қазыхан БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры Татьяна Валоваямен кездесу өткізді.
Қазақстан мен БҰҰ көпжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады
Фото: gov.kz
114
оқылды

Тараптар Қазақстанның БҰҰ-мен өзара іс-қимылының негізгі бағыттарын, көпжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастамаларын талқылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Е.Қазыхан сұхбаттасына Қазақстанда жаңа Конституцияның қабылдануына және мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге байланысты жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және институционалдық өзгерістер туралы хабардар етті. Алдағы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына ерекше назар аударылды. Бұл сайлау жаңа конституциялық модельді іс жүзінде іске асырудың маңызды кезеңі болмақ.

Кездесу барысында ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау мәселелері бойынша пікір алмасу өтті. Қазақстанның ядролық қарусыз әлемді ілгерілетуге деген дәйекті ұстанымы аясында Е.Қазыхан Ұлттар сарайында Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарттың 20 жылдығына арналған іс-шараны өткізуге дайындық барысы туралы хабарлады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың су ресурстарын жаһандық басқару архитектурасын нығайту жөніндегі бастамасына, оның ішінде БҰҰ қамқорлығымен Халықаралық су ұйымын құру туралы ұсынысына айрықша назар аударылды. Қазақстан тарапы Женева мен мұнда орналасқан БҰҰ жүйесіндегі ұйымдардың жаһандық су күн тәртібі мәселелері бойынша сараптамалық және дипломатиялық диалогты дамытудағы маңызды рөлін атап өтті.

Сұхбаттастар БҰҰ жүйесін реформалаудың қазіргі үдерістерін, соның ішінде «БҰҰ-80» бастамасын да талқылады. Осы тұрғыда Женеваның көпжақты дипломатияның негізгі орталықтарының бірі ретіндегі рөлін сақтау және одан әрі нығайтудың маңыздылығы атап өтілді. Сондай-ақ қазақстандық мамандардың Ұйым құрылымдарындағы өкілдігін кеңейту мәселелері қозғалды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және халықаралық күн тәртібінің негізгі бағыттары бойынша мазмұнды диалогты жалғастыруға мүдделіліктерін растады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.