Бұл жолғы дебаттың ерекшелігі – пікірталас командалық форматта өтеді. Әр партиядан екі спикер қатысады.
Саяси партиялар алғаш рет командалық форматта дебатқа шықты
163
оқылды

Саяси партия өкілдері осымен үшінші рет ірі пікірталас алаңында бас қосты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұған дейін саяси диалог екі республикалық телеарнада ұйымдастырылған еді. Бұл жолғы дебаттың ерекшелігі – пікірталас командалық форматта өтеді. Әр партиядан екі спикер қатысады.

Дебаттың негізгі тақырыбы – «Заң мен тәртіп – Әділетті Қазақстанның негізі». Қатысушылар азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігі, заң үстемдігі, тұрақты даму және әділетті қоғам құру мәселелері бойынша өз ұстанымдарын білдіріп, сауалдарға жауап береді.

Дебат барысында сұрақтарды қатысушылармен қатар көрермендер де қоя алады. Ол үшін арнайы WhatsApp нөмірі іске қосылған. Сонымен қатар көрермендер QR-код арқылы Қазақстандық қоғамдық даму институтының сауалнамасына қатысып, теледебатқа қатысқан партия өкілдерінің белсенділігі мен жауаптарына баға бере алады. Бұл сауалнама саяси партиялардың жалпы рейтингі болып саналмайды.

Теледебат төрт раундтан тұрады. Бірінші кезеңде спикерлер партияның негізгі басымдықтары мен нақты ұсыныстарын таныстырады. Екінші кезеңде көрермендер мен журналистердің сұрақтарына жауап береді. Үшінші кезеңде әр партия өзі таңдаған кез келген партияға сұрақ қоя алады. Ал соңғы кезеңде партия өкілдері Құрылтайға сайланған жағдайда қандай нақты жұмыс атқаратынын және қандай уәде беретінін айтады.

Бұған дейін 11 тамызда Jibek Joly телеарнасының тікелей эфирінде сайлауалды теледебат алдындағы жеребе тарту рәсімі өтіп, партия өкілдерінің сөз сөйлеу реті анықталған болатын.

  1. «Ақ жол» партиясы – Бек-Мұхамед Жәукебаев, Ермек Әбілдин;

  2. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – Лариса Ли, Нұрайнаш Камалова;

  3. «Әділет» партиясы – Айжан Аймағанова, Мәди Мырзағараев;

  4. Қазақстанның Халық партиясы – Жандос Бидайбеков, Ирина Смирнова;

  5. «Ауыл» партиясы – Жазира Сұлтанқұлова, Ерболат Саурықов;

  6. «Байтақ» партиясы – Амалбек Өміртай, Алмат Тұртаев;

  7. Respublica партиясы – Олжас Құспеков, Динара Шүкіжанова.

Теледебатты сағат 20:00-де Jibek Joly телеарнасының тікелей эфирінен және арнаның ресми YouTube арнасынан көруге болады.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы 1 шілдеде Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойған. Сайлау 23 тамызда өтеді.

ҚР Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауына қатысатын жеті саяси партияның партиялық тізімдерін тіркеді. 145 депутаттық мандатқа 545 кандидат үміткер болып отыр.