Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда төрінде өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болатын, ұлт мүддесі үшін қажырлы қызмет етіп, халықтың ықыласына бөленіп келе жатқан бір топ азаматқа құрмет көрсетті.
Елге қызмет – ерге міндет!
122
оқылды

Атап айтқанда, көрнекті суретші, танымал өнер қайраткері Бәтима Зәуірбековаға «Отан» ор­дені, көрнекті әдебиеттанушы ғалым Тұрсын Жұртбайға I дәрежелі «Барыс» ордені, мемлекет қайраткері Александр Судьинге II дәрежелі «Барыс» ордені табысталды. Белгілі актер, көрнекті театр режиссері Нұрқанат Жақыпбайға «Қа­зақстанның халық әртісі» атағы, ауыл шаруа­шылығы саласының ардагері Виктор Хильниченкоға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев марапат иелерін құт­тықтап, әрқайсысының ел үшін сіңірген ең­бегіне жеке-жеке тоқталды.

Президент ұлттық мәдениетімізді дамыту жо­л­ында көп еңбек етіп, бейнелеу өнерінде қай­таланбас қолтаңбасымен ерекшеленген Бә­тима Зәуірбекова отандық гобелен өнері мек­тебінің негізін қалап, қазақ әйелдері арасынан шыққан осы саладағы тұңғыш кәсіби маман атанғанына назар аударды.

– Шығармашылығыңыз жоғары деңгейде мойындалып, Мемлекеттік сыйлықтың иегері болдыңыз. Халқымыздың тарихын, бітім-бол­мысын, ою-өрнегі мен салт-дәстүрін дәріптеуге баса мән бердіңіз. Сіздің туындыларыңыз Ал­маты және басқа да қалалардың әйгілі ғи­марат­тарына көрік беріп тұр. Туындыларыңыз өз елі­мізбен қатар шет мемлекеттерде сақталуда. Сіз­дің еңбектеріңізді әлемге белгілі мамандар өте жоғары бағалайды. Ұлттық өнер жолында сал­ған дара жолыңыз жас буын азаматтары үшін та­маша үлгі-өнеге деп санаймын, – деді Мем­лекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев саналы ғұмырын ұлт руханиятын дамытуға арнап келе жатқан көр­некті ғалым, қарымды қаламгер Тұрсын Жұрт­бай төл тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын зер­т­теп, халықтың сана-сезімін жаңғыртуға елеу­лі үлес қосқанын атап өтті.

– Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығар­ма­шылығын терең зерттеп, жан-жақты дәріп­теуге зор еңбек сіңірдіңіз. Абай – ұлттың рухани те­мірқазығы, өскелең ұрпақтың айнымас бағ­дары. Шын мәнінде, ұлы ойшылды тану – қа­зақты тану деген сөз. Сіз Мұхтар Әуезовтің және ұлт қайраткерлерінің мол мұрасы мен өнегелі өмі­рі туралы құнды ғылыми еңбектер жаздыңыз. Шоқтығы биік көркем шығармаларыңыз арқылы төл әдебиетіміздің құндылығын арттыра түстіңіз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мемлекетіміздің дамуына Тәуел­сіз­діктің елең-алаңынан бастап белсене атса­лысып келе жатқан Александр Судьинге алғыс айтты.

– Мемлекеттік қызметте жұмыс істеген жыл­дары зор құрметке ие болдыңыз. Парламент Се­натының депутаты ретінде халық мүддесін қор­ғадыңыз. Вице-спикер және Сенат аппа­ратының басшысы ретінде қазақстандық парла­мен­таризмнің дамуына қосқан үлесіңізді айрық­ша атап өткім келеді. Сіздің кәсіби еңбегіңіз жоғары бағаланып, Отанға адал қызмет етудің үл­гісіне айналды, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент театр және кино са­ласында жарты ғасырдан астам уақыт жұмыс іс­теп келе жатқан белгілі режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың төл мәдениетімізді өркендету жо­лындағы еңбегі зор екенін жеткізді.

– Көрерменнің көзайымы болған мазмұнды қойылымдарды сахналап, театр әлемінің нағыз майталманы ретінде танылдыңыз. Көптеген пьесалар мен фильмдерде түрлі рөлдерді шебер сомдап, халықтың ыстық ықыласына бөлендіңіз. Бүгінде жас таланттарды өнерге баулып, оларға бағыт-бағдар беріп келесіз. Руханият саласын да­мытуға сіңірген еңбегіңіз үшін өзіңізге шы­найы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы кәсіби жо­лын агрономдықтан бастап «Хильниченко және К» серіктестігінің басшысына дейін көтерілген Виктор Хильниченконың агроөнеркәсіп сала­сын дамытуға қосқан үлесіне тоқталып, Алматы облыстық мәслихатының депутаты ретінде жемісті қоғамдық қызмет атқарғанын да атап өтті.

– Ең бастысы, қол жеткізген жетістіктеріңізге тоқ­мейілсімей, алдыңызға жаңа әрі биік мақсат­тар қойып келесіз. Аймақтың агроөнеркәсіп әлеуетін көтеруге қосқан зор үлесіңіз қандай бағаға болса да лайық, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөзін түйіндей келе, қа­зір Қазақстан жан-жақты жаңғыру жолына түсіп, елімізде түбегейлі өзгерістер жасалып жат­қанына назар аударды.

– Ұлт тағдырын айқындайтын тарихи ше­шімдер қабылданды. Біз біртұтас қоғам болып жалпыұлттық референдум өткіздік, жаңа Конс­титуциямызды қабылдадық. Азаматтарымыз жаңа Ата заңды бірауыздан қолдап, дауыс берді. Қазақта «Береке бастауы – бірлік» деген жақсы сөз бар. Біз ырысты ынтымағымызды сақтай біл­сек, еліміз де өсіп-өркендей береді. Көп ұза­май Қазақстан тарихында алғаш рет Құрылтай сайлауы өтеді. Бұл ел өміріндегі маңызды оқиға болмақ. Қазір науқан белсенді өтіп жатыр. Пар­тиялар саяси мәдениеттің озық үлгісін көрсетуде. Алдымызда өте жауапты кезең тұр. Ұлт болып ұйысып, бір ел болып жұмыла еңбек етеміз деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.