Саяси науқан алдындағы кезекті пікірталас «Заң мен тәртіп – Әділетті Қазақстанның негізі» тақырыбына арналды. Пікірталастың өзегінде «Заң мен тәртіп» қағидаты және оның әділетті қоғам қалыптастырудағы рөлі айтылды.
Теледебат алдындағы ашық жеребенің қорытындысына сәйкес, партия командаларының сөз сөйлеу кезегі төмендегідей белгіленді. Алғашқы болып «Ақ жол» партиясынан Бек-Мұхамед Жәукебаев және Ермек Әбілдин сөз алса, келесі болып Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Лариса Ли және Нұрайнаш Камалова ойларын жеткізді. Содан кейін «Әділет» партиясынан Айжан Аймағанова және Мәди Мырзағараев, Қазақстанның халық партиясынан Жандос Бидайбеков пен Ирина Смирнова, «Ауыл» партиясынан Жазира Сұлтанқұлова мен Ерболат Саурықов, «Байтақ» партиясынан Амалбек Өміртай мен Алмат Тұртаев, Respublica партиясынан Олжас Кұспеков пен Динара Шүкіжанова сөз алды.
Саяси пікірталас басталар алдында Астанадағы «Қазмедиа орталығының» фойесінде саяси пікірталасқа қатысушыларды қолдау көрсетуге келген жақтастары қарсы алды. Жалпы, теледебат 4 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар қарсыластарының сайлауалды бағдарламаларына талдау жасады. Ол үшін әр партияға 2,5 минуттан уақыт берілді. Екінші кезеңде партия өкілдері 90 секунд ішінде журналистер мен көрермендердің сұрақтарына жауап берді. Үшінші кезеңде қатысушылар қарсыластарына сұрақ қойып, өз ұстанымдарын 2 минут ішінде дәлелдеуге мүмкіндік алды. Ал дебаттың қорытынды бөлімінде әр қатысушы өз партиясының атынан «Уәде» форматында жария міндеттеме алды. Осы кезеңде партия өкілдері Құрылтайға сайланған жағдайда алдағы 5 жыл ішінде халық үшін нақты қандай жұмыстар атқаратынын және сайлаушылар алдында қандай міндеттемелер алатынын баяндады. Теледебатқа көрермендер де белсенді қатысып, сұрақ қоюға мүмкіндік алғанын айта кетейік.
Алғаш болып сөз алған «Ақ жол» партиясының өкілдері либералды жолды таңдайтындарын жеткізді. «Ақ жол» партиясының өкілі Ермек Әбілдин құр уәде беріп қана қоймай, жұмысын нақты істері мен заңнамалық бастамалары арқылы көрсетіп келе жатқанын айтты. Сондай-ақ ол партияның сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандарға жауапкершілікті күшейтуді, салық төлеушінің адалдығы презумпциясын енгізуді және шағын бизнестің мүддесін қорғауды ұсынатынын атап өтті.
Келесі болып сөйлеген ЖСДП партиясының өкілдері азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға басымдық бергендерін мәлімдеді. Нұрайнаш Камалованың сөзінше, ЖСДП сайлауалды бағдарламасында заң үстемдігін қамтамасыз етуді, соттардың тәуелсіздігін күшейтуді мақсат еткен. Оның айтуынша, заң барлық азаматқа, соның ішінде олигархтар мен қарапайым халыққа бірдей қолданылуы керек. Партия сыбайлас жемқорлыққа төзбейтін қоғам қалыптастыруды, сөз бостандығын қамтамасыз етуді және бейбіт жиындарға мүмкіндік беруді ұсынған.
Ал «Әділет» партиясының өкілдері өздерінің ескіні қайталауға емес, жаңаны қалыптастыруға келгендерін айтты. «Әділет» партиясының өкілі Мәди Мырзағараев сөзжарысты бастап, үш сұраққа жауап беретіндерін айтты. Оның айтуынша, партияның басты сүйеніші – Ата заң, қорғайтыны – адал азамат. Сонымен қатар ол ереже қарапайым екенін жеткізді: адалсың ба – қорықпа, заң бұздың ба – жауап бер. Адамның байлығы мен лауазымы жазадан құтқармауға тиіс. Партия өкілдері заңдарға ревизия жасап, Конституцияға сай ететіндерін баяндады.
Бұдан кейін Қазақстан халық партиясының өкілі Ирина Смирнова заңдар қоғамдағы өзекті мәселелерге жауап беріп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуі керек екенін айтты. Ол «Байтақ» пен ЖСДП партияларының бағдарламаларына, соның ішінде заңды тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту бастамасы мен партияларға мемлекеттік телеарналардан эфир уақытын беру ұсынысына сын айтты. Смирнованың айтуынша, ҚХП партиясы заң талаптарын сақтауды әл-ауқаты жоғары әрі өркендеген қоғамның негізгі шарты деп санайды.
«Ауыл» партиясының өкілдері ауылдағы бала мен қаладағы баланың мүмкіндігін мәселе етіп көтерді. Ерболат Саурықовтың пікірінше, бүгінде шалғайдағы азамат пен мегаполистегі азаматтың сапалы білімге, қолжетімді денсаулық сақтауға және мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу мүмкіндігі бірдей емес. Сондықтан партия фермер өз еңбегінің әділ бағасын көруі қажет екенін алға тартты.
Өз кезегінде «Байтақ» партиясының өкілдері ел дамуының төрт қағидасын атады. Амалбек Өміртайдың айтуынша, даму тек экономикалық өсіммен ғана емес, азаматтардың табысы мен өмір сапасының артуымен де өлшенуі керек. Ол экономика, табиғат және келешек ұрпақтың мүддесі арасындағы тепе-теңдікке тоқталды. Өміртай ірі өндіріс орындары заң мен қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуі тиіс екенін айтты.
Ал Respublica партиясының өкілі Олжас Құспеков сөзін партия бағдарламасымен ұштастырып бастады. Оның айтуынша, бай-қуатты азамат – жауапты қоғам, тиімді мемлекет – қауіпсіз ел құруға бағытталған. Саяси ұйым қарапайым адамның, адал кәсіпкердің жағында.
Екінші кезеңде жеті партия көрермен мен БАҚ өкілдері жолдаған сұрақтарға жауап берді. Барлық сауал «Заң мен тәртіп – Әділетті Қазақстанның негізі» тақырыбын қамтыды. Партия өкілдері сауал аясында заң үстемдігі, алимент төлемі, ақшалай кепіл арқылы бостандыққа шығу, жалған ақпарат тарату, вандализм, экономикалық бағдар секілді өзекті тақырыптарға қатысты пікір айтты.
Respublica партиясының өкілдері лудоманиямен күрес шешімдері туралы ойларын жеткізсе, «Әділет» партиясы айыппұлдардың тиімділігі туралы айтты. «Ауыл» партиясы заң үстемдігін нығайту жолы бойынша пікір білдірсе, Қазақстан Халық партиясы құқық қорғау органдарына деген халық сенімін көтеру керектігіне назар аударды. ЖСДП Мәжілістегі белсенділік мәселесін қозғаса, «Байтақ» партиясы жол қауіпсіздігі туралы пікірін ортаға салды. Ал «Ақ жол» партиясының өкілдері кәсіпкерлер мүддесін қорғауға қатысты сауалдарға жауап берді.
Үшінші кезеңде әр партия өз таңдауы бойынша кез келген бір партияға сұрақ қойды. Ал таңдау реті күні бұрын өткен жеребе нәтижесі бойынша анықталды. «Ақ жол» партиясының өкілдері «ауылдықтарға» малды чиптеудің талабын жеңілдету туралы сұрақ қойып, жауапқа толық қанағаттанбағандарын айтты. Ал ЖСДП тарапынан Respublica партиясына қойылған сұрақ жекеменшік құқығы туралы қызу пікірталасқа ұласты. «Әділет» партиясының сауалына жауап берген ЖСДП өкілдері халықтың қауіпсіздігі сол заңды орындатуға жауапты мемлекеттік органдардың қолында екенін айтып жауап қатты. «Әділет» өкілі ЖСДП-ны осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Қазақстан Халық партиясының өкілі қойған сұраққа «Әділет» партиясының өкілі мемлекеттің жауапкершілігі мен заң үстемдігі ұғымдары «бәріне рұқсат» деген түсінікке айналмауы керектігін айтып, жауап берді. «Ауыл» партиясы «Байтақ» жасылдар партиясынан сайлауалды бағдарламасында экологиядан басқа қандай өзекті мәселе бар екенін сұрады. «Байтақ» өкілі сұрақты жаңадан қосылып жатқан жас ұжымға емес, Парламенттен мандат алып келген өзге партияларға қоюды ұсынды. «Байтақ» партиясы Қазақстан Халық партиясының тарихындағы коммунистік жолды еске салып, қазіргі партия буынының Иосиф Сталин мен Филипп Голощекиннің тарихи тұлғасына қатысты көзқарасын сұрады. Сұрақ авторлары берілген жауапқа қанағаттанбады. Respublica партиясы сұрақ қою мүмкіндігін пайдалана отырып, «Ақ жол» партиясын бизнестің мүддесін қорғайтын маңызды сәттерде Үкіметпен ымыраласып кетеді деп сынады.
«Уәде» деп аталатын ақтық кезеңде әрбір партия өкілі Құрылтайға сайланған жағдайда атқарылатын істің анық-қанығын баяндады. Белгіленген 2 минут ішінде саяси ұйымдардың алдағы жоспары, бес жылға жоспарланған міндеттер тарқатылды.
«Ақ жол» партиясы салық жүйесін ілгерілетуге, сыбайлас жемқорлықпен күресті дамытуға, несие мен әділ сайлау жүйесін және жастарды баспанамен қамтуға уәде берді. ЖСДП Құрылтайға өтсе, әйелдер құқығын қорғап, заң үстемдігін нығайтуға бекіп отыр. «Әділет» партиясы жемқорлықпен күресуге, 1 млн жұмыс орнын құру, 95 пайыз еңбек шартын электронды форматқа көшіруге, сот жүйесін цифрландыруға сөз берді. Қазақстан Халық партиясы сот жүйесіне жасанды интеллектіні енгізуге, тегін заң көмегін қамтамасыз етуге, полиция қызметін реформалауға және жасөспірімдер қылмысын азайтуға талпынбақ. «Ауыл» партиясы ауылдардың инфрақұрылымын жақсартуға, шаруаларға қолдау білдіруге, еңбек адамын көтеруге және дәстүрлі отбасы құндылығын насихаттауға күш салатынын мәлімдеді. «Байтақ» партиясы сөз бостандығын қамтамасыз етуге, орташа жалақыны көтеруге, көпбалалы аналарға төленетін әлеуметтік төлемді арттыруға, экологиялық мәдениетті жетілдіруге кіріспек. Respublica партиясы әйелдер құқығын қаперде ұстауға, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, кәсіпкерлерді қолдауға бел шешіп кірісетінін хабарлады.
Пікірталастың соңына қарай теледебаттағы көрермендер дауыс беруінің нәтижелері белгілі болды. Бірінші орынды «Әділет» партиясы алды. Партия өкілдерінің сөйлеген сөздерін сауалнамаға қатысушылардың 60,6%-ы қолдаған. Екінші орында 15,1% дауыс жинаған «Ауыл» партиясы, үшінші орынға 10,2% көрсеткішпен Respublica партиясы орналасты. Одан кейінгі орындарды ЖСДП – 3,9%, «Ақ жол» – 3,5%, Қазақстанның Халық партиясы – 3,3% және «Байтақ» – 2,7% иеленді. Ал сауалнамаға қатысушылардың 0,7%-ы «ешқайсысы ұнамады» деген нұсқаны таңдаған.
М.ТӨЛЕУ
