Ақтөбе қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны «Жала жабу» бабы бойынша айыпты деп тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Істің қозғалуына продюсер Баян Алагөзова мен тележүргізуші Динара Сәтжанның шағымы себеп болған. Мамыр айында «Е-өтініш» порталы арқылы полицияға түскен арыздан кейін арнайы сот сараптамасы тағайындалып, видеодағы жала жабу дерегі толық расталды.
Сот отырысында Бағдагүл Лепесова өз айыбын мойындаған жоқ. Ол мұндай видеоны парақшасына салмағанын айтып, қорғаушысы бейнежазба жасанды интеллектпен немесе монтажбен жасалған болуы мүмкін деген уәж келтірді.
Сотқа онлайн қатысқан Баян Алагөзова емшіні кешірмейтінін және медиациялық келісімге келмейтінін кесіп айтты. Продюсердің сөзінше, бейнежазбада оның ар-ожданына тиетін, есірткіге тәуелді және мемлекет ақшасын заңсыз пайдаланды деген ауыр айыптар айтылған. Ол бұл істің әлеуметтік желіде өзгелерді қорлауға жол бермейтін заң үстемдігін дәлелдейтін сабақ болуын талап етті.
Сот қаулысымен Бағдагүл Лепесова Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 1 557 000 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл соманы ол 30 күн ішінде төлеуге тиіс.
