Талқылаудың негізгі тақырыптары жас ұрпақтың өмірлік бағдарлары, отбасы институтындағы өзгерістер және Қазақстанның демографиялық болашағына ықпал ететін факторлар болды.
Жастардың 80%-ға жуығы баланы дүниеге әкелуді алдын ала жоспарлау қажет деп санайды
156
оқылды

Қазақстандық қоғамдық даму институтында БҰҰ Халықты қоныстандыру қорының (ЮНФПА) Demographic Futures Survey 2026 атты жаңа жаһандық зерттеуінің нәтижелерін таныстыруға арналған «Жастар, отбасы және Қазақстандағы демографиялық даму» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия аясында жұмыс істейтін Отбасылық, гендерлік және демографиялық саясат саласындағы зерттеу ұйымдары консорциумының қызметі шеңберінде ЮНФПА-мен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткізілді.

Талқылаудың негізгі тақырыптары жас ұрпақтың өмірлік бағдарлары, отбасы институтындағы өзгерістер және Қазақстанның демографиялық болашағына ықпал ететін факторлар болды.

Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров, ЮНФПА-ның Қазақстандағы өкілі Чинве Огбонна, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, зерттеу орталықтарының, академиялық және сарапшылық қауымдастықтың өкілдері қатысты.

Demographic Futures Survey 2026 – жас ұрпақтың отбасы, қарым-қатынас және болашақ туралы көзқарастарына арналған ең ауқымды халықаралық салыстырмалы зерттеулердің бірі. Зерттеуге 73 ел мен аумақтан 18-39 жас аралығындағы 108 мыңнан астам интернет пайдаланушы қатысты.

Зерттеудің негізгі қорытындыларының бірі – жастар арасында отбасы мен ата-ана болу құндылығының сақталуы, алайда отбасы құруға дайындық әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық пен адамның жеке дайындығына көбірек тәуелді болып отыр. Сауалнамаға қатысқандардың үштен екісінен астамы некеге тұруды немесе серіктесімен бірге тұруды қалайды. Респонденттердің 81%-ы қаржылық тұрақтылықты серіктестік қарым-қатынас құрудың маңызды шарты деп санаса, 88%-ы оны ата-ана болу туралы шешім қабылдаудың маңызды бөлігі деп есептейді. Сонымен қатар тұрақты жұмыспен қамтылу мен эмоциялық дайындық та маңызды рөл атқарады.

Бұл деректер қазіргі демографиялық үдерістерді тек туу мен некелесу көрсеткіштері арқылы түсіндіру жеткіліксіз екенін көрсетеді. Жастардың отбасын құруға қатысты шешімдеріне жұмыспен қамту сапасы, табыс деңгейі, тұрғын үй жағдайы, құндылық ұстанымдары мен болашаққа деген сенімі барған сайын көбірек ықпал етуде.

Қазақстандық зерттеу орталықтары жаһандық зерттеу нәтижелерін ұлттық контексте толықтыруға мүмкіндік беретін өз зерттеулерінің нәтижелерін ұсынды. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы цифрлық өзгерістер жағдайындағы жас ұрпақтың бірегейлігіне арналған «Қазақстан жастары – 2026» зерттеуінің аралық нәтижелерін таныстырды. Қазақстандық қоғамдық даму институты жас отбасылардың жағдайы, отбасылық ұстанымдар және өзекті әлеуметтік-демографиялық үрдістер туралы деректерге тоқталды. Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы жастардың діни бірегейлігіне қатысты талдау нәтижелерімен бөлісті.

Сарапшылық пікірталас барысында қатысушылар зерттеу нәтижелерін жастар, отбасы және демографиялық саясатты қалыптастыруда, жас отбасыларды қолдау шараларын жетілдіруде және басқарушылық шешімдер қабылдауда пайдалану мүмкіндіктерін қарастырды.

Дөңгелек үстел деректерге негізделген әрі жастардың нақты қажеттіліктерін ескеретін шешімдерді әзірлеу үшін мемлекет, халықаралық ұйымдар мен зерттеу қауымдастығы арасындағы жүйелі өзара іс-қимылдың маңызды екенін көрсетті.

Сауалнамаға қатысқандардың 49,4%-ы баланы дүниеге әкелуді міндетті түрде жоспарлау қажет деген пікірде. Тағы 30,2%-ы мұны жоспарлаған жөн деп есептейді. Екі көрсеткішті қосқанда, мұндай ұстанымды жастардың 79,6%-ы қолдайды. Нәтиже саналы әрі жауапты ата-ана болуға деген көзқарастың кең таралғанын көрсетеді.