Әнші Қарақат Әбілдина "АБК" тобы әншілерімен бас қосқан бейнежазбаны әлеуметтік желіде жариялады, – деп жазды Aikyn.kz.
Айтуынша, биыл «АБК» тобының құрылғанына 30 жыл болады. Осы орайда әнші жастық шағын еске алып, жылы естеліктерін бөлісті. Сонымен қатар әнші Медеу Арынбаевтың әйелімен жақын араласқанын атап өтті.
«Бүгін біздің үйге АБК-ның серілері ат басын тіреді… Бұл азаматтарды танығаныма биыл тура 30 жыл екен. АБК тобының құрылғанына да — 30 жыл. Сол уақыттың, сол ортаның, сол бір әдемі кезеңнің куәсі болғаныма өте қуаныштымын. АБК-ның әндерімен студенттік шағым өтті. Оларды көрген сайын көз алдыма балбұл жайнаған 18 жасым келеді… Арман көп, уайым аз, көңіл алаңсыз кез. Қандай шақтар еді… Бүгін дастарқан басында отырып, сол күндерді бір-бірлеп еске алдық. Бірге жүрген достарымызды айттық. Бір күлдік, бір күрсіндік… Медеудің келіншегі Айгүл марқұмды еске алдық. Айгүлмен туған абысындардай жақын араластық. Жаны сондай жақсы адам еді… Өкінішке қарай, ғұмыры қысқа болды. Иманы жолдас, жаны жәннатта болсын! Көрмеген жақсылығын артында қалған ұл мен қызына көру бұйырсын! Ал Ерлан мен Анар екі рет құда-құдағи атанып үлгерді. Ең қызығы — қос қызы бір үйдің келіндері, абысындар екен. Өмір деген қандай қызық?!..» - деп жазды әнші.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
