Филиал жұмысының негізгі бағыттарының бірі – салауатты өмір салтын насихаттау және аға буынның жинақтаған тәжірибесін өскелең ұрпаққа жеткізу.
Астанада Қазақстан спорт ардагерлері одағының филиалы салтанатты түрде ашылды
Фото: gov.kz
165
оқылды

Спорт күні қарсаңында Астанада «Қазақстан спорт ардагерлері одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің елордалық филиалы мен спорт ардагерлерінің I форумы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Форумға спорт ардагерлері, елге танымал спортшылар мен жаттықтырушылар, мемлекеттік органдардың және спорт қауымдастығының өкілдері – барлығы 150-ден астам адам қатысты.

Жиында спорт дәстүрлерін сақтау, аға буын тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізу және салауатты өмір салтын насихаттау мәселелері талқыланды.

Елорда филиалының басшысы болып Қазақстанның жеңіл атлетикадан еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қуандық Елжанов тағайындалды.

«Спорт ардагерлері одағы – 15 шілдеде құрылған қоғамдық бірлестік. Аз ғана уақыт ішінде ұйым қатарына көптеген спорт ардагерін тарттық. Бүгін алғашқы форумымызды өткізіп отырмыз. Бұл – бастамасы ғана. Алдағы уақытта спортшылармен шеберлік сабақтарын өткізіп, жарыстарға қатысамыз, балалармен жұмыс істейміз. Өз жетістіктеріміз бен өмірлік тәжірибеміз арқылы жастарға үлгі болып, оларды биік мақсаттарға ұмтылуға ынталандырамыз», – деді Қуандық Елжанов.

Оның айтуынша, филиал жұмысының негізгі бағыттарының бірі – салауатты өмір салтын насихаттау және аға буынның жинақтаған тәжірибесін өскелең ұрпаққа жеткізу.

Форум аясында спорт ардагерлеріне алғыс хаттар, естелік төсбелгілер мен аты-жөні жазылған футболкалар табысталды.
Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов спортшылардың әр буыны арасындағы сабақтастықты сақтап, аға буынның тәжірибесін жастарға жеткізудің маңызын атап өтті.

«Сіздердің тәжірибелеріңіз бен білімдеріңіздің жас ұрпаққа жетуі біз үшін маңызды. Өз тарапымыздан сіздердің бастамаларыңыз бен бірлескен жобаларыңызды қолдауға дайынбыз. Бұл филиалдың ашылуы жиі бас қосып, маңызды мәселелерді талқылауға және спортты дамыту жолында бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік береді деп сенемін», – деді Азамат Ағзамов.

Форумға қатысушылардың айтуынша, жаңа филиал спорт ардагерлерінің өзара тәжірибе алмасуына, спорттық және ағартушылық іс-шаралар, шеберлік сабақтары мен кездесулер өткізуге, сондай-ақ балалар мен жас спортшыларға бағыт-бағдар беруге арналған маңызды алаңға айналады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.