ҚР Құрылтай депутаттығына кандидат, Жамбыл облыстық ЖСДП-ның филиалы Жастар қанатының төрағасы Еркін Әбдиев сайлауалды үгіт-насихат жұмысы аясында Жамбыл облысы, Сарысу ауданына жұмыс сапарымен барып, Игілік және Саудакент ауылдарының тұрғындарымен кездесу өткізді, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты ЖСДП сайлауалды штабының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесулер барысында Еркін Қайырбекұлы ЖСДП-ның «Прогресс жолындағы 20 белес» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын тұрғындарға таныстырып, партияның әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, өңірлердің тұрақты дамуына жағдай жасау және азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғауға бағытталған бастамалары жөнінде түсіндіру жұмысын жүргізді.
Еркін Әбдиев тұрғындардың бұл ұсынысына ерекше назар аударып, өндірісті дамыту экономикалық тұрғыдан маңызды болғанымен, оның халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға кері әсер етуіне жол бермеу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, кез келген өндірістік жобаның тиімділігі тек экономикалық көрсеткіштермен емес, сол аумақта тұратын халықтың өмір сапасы мен экологиялық қауіпсіздігі тұрғысынан да бағалануы тиіс.
«Өндіріс орындарының ашылуы жаңа жұмыс орындары мен экономикалық мүмкіндіктер әкелуі мүмкін. Бірақ экономикалық пайда халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаның қауіпсіздігінен жоғары тұрмауы тиіс. Егер тұрғындар экологиялық жағдайға алаңдап отырса, олардың пікіріне міндетті түрде назар аудару қажет. Ең бастысы – өндіріс пен экологиялық қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтау», – деді ол.
Сонымен қатар кандидат қоршаған ортаның жағдайына тұрақты бақылау жүргізу, өндірістік кәсіпорындардың экологиялық талаптарды сақтауына тиісті назар аудару және жергілікті тұрғындарға экологиялық ахуал туралы ашық ақпарат беру маңызды екенін жеткізді. Саудакент ауылының тұрғындарымен өткен кездесуде де ЖСДП-ның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, ауыл тұрғындарының әлеуметтік және экономикалық мәселелерге қатысты ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Еркін Әбдиев өңірлерді дамыту барысында әр ауылдың өзіндік ерекшеліктері мен тұрғындардың нақты қажеттіліктері ескерілуі тиіс екенін атап өтті.
