Қарағанды облысында биыл жұмыспен қамту шараларына 1 400-ге жуық мүгедектігі бар азамат тартылған.
Жұмыспен қамтылған жандар көбейді
102
оқылды

Бірі тұрақты жұмысқа орналасса, енді бірі өз кәсібін ашқан. Ал кейбіріне арнайы жабдықталған жұмыс орындарында еңбек етуге мүм­кін­­дік берілген. Өңірде мүмкін­дігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастырып қана қоймай, олардың жұмыс орнында орны­­ғуы­на және кәсіби тұрғыда бейім­делуіне жағдай жасайтын бағдар­ламалар да кеңейтіліп жатыр.

Облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғалымжан Спабековтің айтуынша, өңір мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту көрсеткіші бойынша республикада көш бастап келеді.

– Биыл жұмыспен қамту шараларына 1 400-ге жуық мүмкіндігі шектеулі азамат тартылды. Олардың бір бөлігі бос жұмыс орындарына орналастырылса, енді бірі «Күміс жас», «Алтын жас» бағдарламаларына және жастар практикасына қатысып жатыр. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және оларға күтім жасайтын адамдарға өз кәсібін ашуға мүмкіндік берген 58 грант берілді, – деді Ғалымжан Спабеков.

Өңірде квотамен бөлінетін және арнайы жұмыс орындарының саны артуда. Мұндай жұмыс орындары есту және көру қабілеті бұзылған, тірек-қимыл аппараты зақымдан­ған, сондай-ақ психикалық даму ерекшелік­тері бар азаматтарға ұсынылады. Соның бір мысалы – арнайы және формалық киім тігумен айналысатын «Дедал» ЖШС. Қазір мұнда екі мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты жұмыс істейді. Тағы жеті адам арнайы суб­си­дияланатын жұмыс орындарында еңбек етеді.

Қарағанды қаласында JOB COACH жоба­сы аясында Тең мүмкіндіктер орталығы жұ­мы­с­ын бастады. Орталықта арнайы даяр­лықтан өткен мамандар, соның ішінде ымдау тілі маманы жұмыс істейді. Мұнда психолог кабинеті, сондай-ақ көру қабілеті және тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға арналған арнайы компьютерлік орындар қарастырылған. Алғашқы айдың өзінде орталыққа 50 адам жүгінген.

Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту мәселесін тұрақты бақы­лауда ұстауды тапсырды.

– Еңбек етуге қабілетті, жұмыссыз мүм­кін­дігі шектеулі азаматтардың, оның ішінде белгіленген квоталар мен арнайы жұмыс орын­дарын құру арқылы жұмыспен қамты­луын қамтамасыз ету қажет. Жұмыспен қам­ту мүмкіндіктерін кеңейтіп, мүмкіндігі шек­теулі жандар мен жұмыс берушілер ара­сында мемлекеттік қолдау шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жалғастыру маңызды. Бұл мәселелер тұрақты бақылауда болуға тиіс, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы