Орал қаласында жылу инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Жылу желілері жаңарады
98
оқылды

«Энергетикалық және коммуналдық сектор­лар­ды жаңғырту» ұлт­тық жобасы аясында қала­да бір мезгілде үш ірі жоба – №6 және №7 жылу магистральдарын, сон­дай-ақ «Құрылысшы» шағынауданындағы орамішілік желілерді қайта жаңарту жұмыс­тары жүзеге асырылуда. Жалпы қаржыландыру көлемі 6,2 млрд теңгені құрайды.

Орал үшін жылу желілерін жаңғыртудың маңызы зор. Қала инфрақұрылымының едәуір бөлігі ондаған жылдар бойы пайдаланылып келеді. 

– Энергетикалық және ком­му­налдық секторларды жаңғыр­ту – уақыт талабы. Жаңартылған инженерлік желілер тұрғын­дардың игілігі үшін ұзақ әрі сен­­і­м­ді қызмет етуі тиіс. Страте­гиялық жобалар сапалы және белгіленген мерзімде аяқталуы керек, – деп атап өтті Батыс Қа­зақстан облысының әкімі Нари­ман Төреғалиев.

Ең ауқымды жобалардың бірі «Құрылысшы» шағынауда­нында жүзеге асырылуда. Мұнда ұзындығы 8,8 шақырым бола­тын орамішілік жылу желілерін ауыстыру көзделген. Жобаның құны шамамен 1,86 млрд теңге. Қол­даныстағы желілердің тозу деңгейі жоғары – 82 пайыздан асады. Қайта жаңартудан кейін шамамен 14,5 мың тұрғынды жылумен қамтудың сенімділігін айтарлықтай арттыру жоспарла­нуда. Жұмыстар 2026-2027 жыл­дарға есептелген. Биылғы мау­сымда 4,4 шақырым желіні ауыс­тыру көзделген.

Тағы бір маңызды нысан – №6 жылу магистралі. Қайта жаңар­ту ұзындығы шамамен 1,9 шақырым болатын учаскені қамтиды. Мұнда диаметрі 530 мм жаңа құбырлар төселуде. Жоба деректеріне сәйкес, қол­да­ныстағы магистральдің жеке­л­еген учаскелерінің тозу деңгейі 88 пайыздан асқан, ал пайдалану мерзімі 30 жылдан көп болған. Қайта жаңарту аяқталғаннан кейін шамамен 22 мың тұрғын, 10 бюджеттік мекеме және 106 көппәтерлі тұрғын үй сапалы жылумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар желінің тозу дең­гейін 88 пайыздан 46 пайыз­ға дейін төмендету күтілуде.

Облыс әкімі негізгі жұмыс­тарды жылыту маусымы бастал­ғанға дейін аяқтауды тапсырды.

– Жобаны аяқтаудың нақты мерзімдерін белгіледік. Қабыл­дау кезінде ешқандай аяқталма­ған жұмыс болмауы тиіс. Егер кемшіліктер анықталса, мерді­гер оларды жедел түрде жоюға міндетті. Бұл жұмыстың басты көрсеткіші – жылыту кезеңінде тұрғындарды тұрақты жылумен қамтамасыз ету, – деді Нариман Төреғалиев.

№7 жылу магистралінде де елеулі өзгерістер жүргізілуде. Ол 1987 жылы пайдалануға беріл­ген, ал ондаған жылдық пай­далану барысында жекелеген учаскелер айтарлықтай тозған. Жоба аясында ұзындығы шама­мен 1,8 шақырым болатын учас­кені қайта жаңарту көзделген. Жұмыстардың құны шамамен 2,6 млрд теңгені құрайды. Қайта жаңарту аяқталғаннан кейін магистраль 24 әлеуметтік нысан мен 130 көппәтерлі тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етуді жалғастырады.

Жылу желілерін жаңғырту – коммуналдық шаруа­шы­лық­тағы ең қомақты қаржыны қажет ететін, сонымен қатар аса қажетті міндеттердің бірі. Ұлт­тық жоба 2025-2029 жылдары Қазақстанның энергетикалық және коммуналдық инфрақұры­лымын жүйелі түрде жаңартуға бағытталған. Оның мақсаты – коммуналдық қызметтердің сен­і­м­ділігі мен сапасын артты­рып, өңірлердің тұрақты даму­ына жағдай жасау.

– Өңірде 2025-2026 жылдары ұлттық жоба аясында жылумен жабдықтау саласына 6,2 млрд теңге бағытталды. Бұл инфра­құрылымды жаңартуға беріліп отырған елеулі ресурс. Біз оны барынша тиімді пайдалануымыз керек: жаңа желінің әрбір ша­қырымы нақты тұрғындардың, үйлердің, мектептердің, ауруха­на­лардың және басқа да нысан­дардың сенімділігін арттыруы тиіс, – деді Нариман Төреға­лиев.

Осылайша, қазіргі жаңғырту науқаны – жай ғана ауқымды құрылыс жұмыстары емес. Енді мердігерлер үшін екі негізгі та­лап маңызды – сапа және мер­зімді кешіктірмеу.

Аида ҒАЛИЕВА, 

Батыс Қазақстан облысы