Бірнеше буынның қиялында қаһарманға ай­налған кейіпкердің бірі – «Өрмекші адам». Ол – өзгелерден даралайтын тылсым күшке ие бол­ғанымен, қарапайым адамның қорқынышы мен күмәнін, жалғыздығы мен жауапкершілігін қатар арқалап жүрген образ.
«Өрмекші адамның» жаңа өмірі
111
оқылды

Өткен аптада осындай қаһарманның жаңа хикаясы туралы «Өрмекші адам: Жаңа күн» фильмі қазақша дыбысталып кинотеатрларда көрсетіле бастады. Бұл жолғы премьера – Том Холланд сомдаған Питер Паркер туралы төртінші жеке фильм. 

Кейіпкерлер толықты

Жаңа бөлімнің басты ерекшелігі – әлем тағдырын шешетін алапат шайқастардан гөрі, бір адамның ішкі әлеміне қарай ойысуында. Алдыңғы фильмнің соңында Доктор Стрэндждің сиқырынан кейін Питер Паркерді жақын достары Эм-Джей мен Нед ұмытып кеткен еді. Сөйтіп, ол  Нью-Йоркте жалғыз қалып, күнделікті қыл­мыспен күресуді жалғастырады. Бұрын­ғы фильмдерде оның жанынан Тони Старк секілді ақыл қосатын, қолдайтын, қажет кезінде технологиялық мүмкіндігін ұсы­натын тәлімгер табылатын. Енді ондай адам жоқ. Әр шешімнің салмағын да, әр қате­ліктің зардабын да өзі көтеруі керек. Осы себепті «Жаңа күндегі» Питер Паркер бұ­рынғыдан есейген, сабырлы, жауапкершілігі жоғары кейіпкер ретінде көрінеді. Ол әлі де адамдарға сенгісі келеді, біреуді құтқаруға асығады, дұрыс деп санаған жолынан қайтпайды. Фильмнің ұтымды тұстарының бірі де осында. Өрмекші адам бұл жолы ғарыш кеңістігінде немесе мультиғалам арасында емес, өзінің табиғи ортасында – Нью-Йорк көшелерінде әрекет етеді. Ол киімін өзі дайындайды, қарапайым үйде тұрады, полициямен байланыста жұмыс істейді. Фильмнің экшн көріністері де назар аудартады. Өрмекші адамның қала үстінде қалықтауы, ғимараттар арасында қозға­лысы, төбелес кезіндегі пластикасы мен акробатикалық қимылдары ұсақ деталь­дарға дейін ойластырылған. 

Питер бірнеше жыл өтсе де, Эм-Джей мен Недке қайта жақындауға батылы жетпейді. Оларды тағы жоғалтып аламын деген қорқыныш кейіпкерді адамдардан алыстата береді. Бір жағынан, ол өзі жақсы көретін жандарды қауіптен қорғағысы келеді. Екінші жағынан, сол шешімі арқы­лы өзін барған сайын терең жалғыздыққа итермелейді. Айтпақшы, ауыр психология­лық күйзелістен кейін Питерде жаңа қабілеттер пайда болады. Алайда кейіпкер олардың қуатына қуанудан гөрі, өз бойында оянған белгісіз күштен үрейленеді. Бұл қабілеттерді меңгеру үшін оған сыртқы қарсыластармен де, өзінің қараңғы қыр­ларымен де бетпе-бет келуге тура келеді. Әсіресе Фрэнк Касл мен Питер арасындағы қарым-қатынас қызықты өрбиді. Екеуі де өзінше жалғыз, екеуінің де өмірі күреспен байланысты. Бірақ олардың әдісі, дүниеге көзқарасы, әділет туралы ұғымы әртүрлі. Тағы бір айтарлығы, кейіпкерлер қатарына Сэди Синк сомдайтын Джин Грей рөлі қосылады. Ол – телепатия және телекинез қабілеті бар мутант. Фильмнің алғашқы бөлігінде Өрмекші адам оны қарсылас ретінде қабылдайды, кейіннен негізгі жауы – Уильям Метцгермен де алысады. Питер Паркердің басты ерекшелігі – оның адамға жақындығында. Ол да қателеседі. Ол да қорқады. Жақындарын жоғалтады, таңдауы­ның дұрыс-бұрыстығына күмән­данады. Қаһармандық жолында жеңіске жетсе де, қарапайым өмірінде бәрі бірдей сәтті бола бермейді. Бірақ бұл жолы да 2016 жылы Тони Старктың жанында жүрген жасөспірім өз шешімі үшін өзі жауап бере алатын есейген адам ретінде көрінеді. Бәлкім, Өрмекші адамның алпыс жылдан астам уақыт бойы көрерменге жақын болып келе жатуының сыры да осында шығар. Оның ең үлкен күші – өрмегінде емес, адамдық қалпын жоғалтпауында.

Marvel қазақша қалай сөйледі?

Қазақстандық көрермен үшін фильмнің тағы бір ерекшелігі – қазақ тіліндегі кәсіби дубляж. Картина кейіпкерлерін дыбыстауға отандық театр, кино және музыка саласы­ның өкілдері атсалысқан. Айдана Меденова, Айнұр Ілиясова, Фариза Ескермес, Абул­хаир Мадеш секілді өнер иелері фильм қаһармандарына қазақша үн берген.

Дубляж режиссері Шах-Мұрат Орда­баевтың айтуынша, дубляжда тек мәтінді аудару жеткіліксіз. Кейіпкердің мінезін, эмоциясын, сөйлеу мәнерін, жалпы фильмнің атмосферасын сақтау маңызды.

– Әлемдік деңгейдегі фильмді қазақша сөйлеткенде дубляж режиссерінің басты міндеті көрерменге бұл фильм бастапқыдан-ақ қазақ тілінде түсірілгендей әсер беру деп ойлаймын. Актерлерді таңдағанда дауыстың түпнұсқаға ұқсастығына ғана емес, актердің кейіпкерді қаншалықты сезіне алатынына, эмоциялық диапазонына, экрандағы образбен үйлесуіне мән береміз. Ал Халктың дауысына бұл жолы өзімді таңдап отырған жоқпын. Мен бұл кейіпкерді бұған дейін де дыбыстағанмын. Халкты 2012 жылғы «Кек алу­шылар» фильмінде, кейін «Кек алушы­лар: Шексіздік соғысы» және «Кек алушы­лар: Финал» фильмдерінде дыбыстадым. Marvel бұрын бекітілген дауыстарды сақтауды талап етеді. Сондықтан бұл жерде режиссер ретінде өзімді рөлге таңдау емес, бұрыннан Халкқа бекітілген актер ретінде сол рөлді жалғастыру болды, – дейді Ш.Ордабаев.

Тәржімаланған фильмді дыбыстау кезін­де кейбір дүниелер өзгеріске де ұшыраған. Оның себебі бар. Дубляж режиссерінің айтуынша, сөздің өзін емес, оның әсерін жеткізу маңыздырақ. Түпнұсқада көрермен күлсе, қазақ көрермені де сол жерде күлуі керек. Кейіпкердің эмоциясы да дәл солай сезілуі керек. Сол үшін кейде сөйлемнің құрылымын, әзілді, сөз қолданысын қазақ тіліне бейімдеуге тура келеді. Қалай десек те, кейіпкердің мінезі мен автордың айт­қысы келген ойы өзгермеуі керек. Дубляжда көрермен байқамайтын, бірақ режиссер үшін аса маңызды ұсақ деталь өте көп. 

– Актердің қай жерде дем алғаны, бір сөзге қандай екпін қойғаны, репликаның ұзақтығы, кейіпкердің аузымен синхрон, кадрдағы қимылға реакциясы, тіпті сөй­лемнің соңындағы интонациясына дейін маңызды. Кейде бір ғана сөзді бірнеше рет қайта жазамыз. Сырттай қарағанда бәрі дұрыс сияқты, бірақ экрандағы эмоциямен үйлеспей тұруы мүмкін. Жалпы, жақсы дубляждың ерекшелігі де сол деп ойлаймын. Көрермен біздің осы жұмысымызды бай­қамауы керек. Ол дубляжды емес, фильмді көруі керек, – деді дубляж режиссері.

Marvel-дің дубляжға қатысты өзіндік талабы бар. Бұрын белгілі бір актердің кейіпкерін дыбыстаған дауыс иесі кейінгі фильмдерде де сол образбен жұмысын жалғастырады. Осы дәстүрдің арқасында қазақ көрерменіне де кейіпкерлердің даусы таныс болып қалыптасады. Мысалы, Том Холландты дыбыстаған Заңғар Әбенов бұл рөлге алғаш рет 2017 жылы бекітілген. Содан бері Marvel фильмдерінде Том Холландтың кейіпкерін дыбыстап келеді. Тіпті ағылшынша нұсқасында Том Холланд дауыс берген «Алға» анимациялық филь­міндегі Иэн кейіпкерін де қазақша сөй­леткен – Заңғар Әбенов.

– Том Холландтың түпнұсқадағы дауысын барынша сақтауға тырыстық. Қызығы, дауысымыздың табиғи жағынан ұқсайтын тұстары бар екен. Әсіресе айқай, төбелес кезіндегі физикалық дауыстарымыз жақын. Сол жағынан жұмыс сәтті шықты деп ойлаймын. Маған қиындау түскен тұстардың бірі – терминдер. Питер Паркер ғылымды жақсы білетін, білімді кейіпкер болғандықтан, күрделі атауларды жиі қолданады. Кей сөздерге тілімді әбден жаттықтыруға тура келді. Ал ең көп күш талап ететін жерлер – төбелес, айқай-шуға толы сахналар. Ол жерде актерлік қуат керек, – деді актер. 

 «Жаңа күннің» осындай зор табысқа жетуін Өрмекші адамның кино тарихындағы ең танымал суперқаһармандардың бірі болуымен ғана түсіндіру аздық етеді. Бұған түсірілім тобы мен актерлік құрамның фильмді жасауға асқан жауапкершілікпен әрі саналы түрде қарауы да әсер еткен. Мәселен, Том Холланд сұхбаттарының бірінде Кристофер Ноланның «Одиссея» фильміндегі Теелмах рөлін ойнағандағы тәжірибесі жаңа «Өрмекші адамды» түсіру үдерісін едәуір жақсартуға көмектескенін айтқан еді. Дегенмен актер бұған дейін де сапалы әрі мағыналы киноны жақтайтынын, әсіресе сөз Өрмекші адам туралы болғанда ерекше жауапкершілік танытатынын талай рет білдірген.

Осы мақаланы жазып отырғанымызда, кейінгі 15 минут ішінде қазақша дубляж­далған фильмге 66 билет, ал орыс тіліндегі нұсқасына 1000-нан астам билет алынған еді. Бұл көрсеткіштер фильмнің қай тілде және қанша рет көрсетілетінін ескерсек, қазақ тіліндегі сеанстар кинотеатрларда орта есеппен күніне 10-ға да жетпейді, орыс тіліндегі көрсетілімдер саны одан 5-6 есе тіпті, кей кинотеатрларда 10 есеге дейін көп. Егер қазақша және орысша сеанстардың саны тең болғанда, бәлкім, қазақша ды­бысталған «Өрмекші адам: жаңа күннің» кассалық табысы орыс тіліндегі нұсқасынан асып түсер ме еді?!

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ