Партия төрағасы Айбек Дәдебай атап өткендей, жаңа Конституция қабылданғаннан кейін ондағы құндылықтарды іс жүзінде орындауға аса мән беріліп отыр.
«Әділет» республикалық сайлауалды штабы Алматының зиялы қауым өкілдерімен кездесті
103
оқылды

«Әділет» партиясы Алматының ғылыми және шығармашылық интеллигенциясымен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ұлттық ғылыми академиясында ғалымдар, академиктер, жазушылар мен мәдениет қайраткерлері ғылымның дамуын, мәдени кодты сақтау және жаңа Конституцияның құндылықтарын дәріптеудегі зиялы қауымның рөлін талқылады.

Партия төрағасы Айбек Дәдебай атап өткендей, жаңа Конституция қабылданғаннан кейін ондағы құндылықтарды іс жүзінде орындауға аса мән беріліп отыр. 

«Біз жаңа Конституцияны қабылдап, ел дамуының жаңа кезеңіне қадам бастық. Негізгі құндылықтардың бірі «Заң мен Тәртіп» қағидаты. Маңыздысы, оның күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналуы. Конституцияда жазылған құндылықтарды қорғап, оны дәріптеу керек. Дәл осы жерде зиялы қауымның атқаратын рөлі зор», – деді Айбек Дәдебай.

Ол сондай-ақ мәдени кодымызды сақтау мен қоғамдық бірліктің де маңызына тоқталды. Партия төрағасының айтуынша, ұлттық құндылықтарды жүйелі түрде қорғап, зайырлы мемлекеттің сипатына қайшы келетін, еліміздің мәдениетіне, дәстүрі мен заңына қарсы келетін радикалды идеялардың таралуына жол бермеу де маңызды.

«Еліміздің байлығы – тек табиғи ресурстар емес, ең басты байлығы – адам капиталы. Біздің бағдарлама халықтың шынайы сұраныстарын қамтып отыр. Біз Аймақтық даму стандартын енгізуді жоспарлап отырмыз, яғни, жаңа мектеп, аурухана, спорт нысаны немесе инфрақұрылым болмасын, бәрі нақты сұранысқа сай салынады. Әділдік орнатудың жолы дегеніміз – осы», – деді ол.

Кездесудің біраз бөлігі ғылымды дамыту мен жас зерттеушілерді қолдауға арналды. Халықаралық білім беру корпорациясы Ғылым және инновациялар департаментінің директоры Шахислам Лайсханов докторантура мен магистратураға арналған білім беру гранттарын көбейтуді ұсынды. Ұлттық ғылым академиясының академигі Бағдат Телтаев AI SilkNet форсайт және предиктивті аналитика орталығына ғылымның ұлттық басымдықтарын қалыптастыру жөніндегі ғылыми оператор мәртебесін беруді ұсынды. Сонымен қатар ұжымдық пайдаланылатын зертханаларды дамыту және ғылыми құрал-жабдықтарды қаржыландыруды ұлғайту бойынша да ұсыныстар айтылды.

Айбек Дәдебай еске салып өткендей, жас ғалымдарды қолдауға Мемлекет басшысы ерекше көңіл бөледі. Бұған дейін Президенттің бастамасы бойынша жас ғалымдарға 200 пәтер берілген еді. Қазір жатақханалар салынып, өзге де қолдау шаралары орындалып жатыр.

Ал өз кезегінде, «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасы «Ғылым – білім – өндіріс» моделін дамытуды, ғылыми инфрақұрылымды дамыту, университеттер мен ғылыми ұйымдар жанынан эндаумент-қорларды құруды көздейді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Болат Әбділманов болса мәдениет пен жастарды қолдау мәселесін қозғады. Партия бағдарламасының бұл бағыты мәдени кодты сақтау мен кітап оқу мәдениетін дамытуды көздейді. Дәлірек айтсақ, құжатта  «Кітап оқитын ұлт» бағдарламасы, Ұлттық цифрлы кітапхана құру, музей, театр және мұрағат қорларын цифрландыру, отандық авторлар мен баспаханаларды қолдау, және балалар әдебиетін дамыту бағыттары бар.

Айбек Дәдебай кездесуді аяқтай отырып, ғылым, мәдениет пен білімді дамыту адам капиталымен тікелей байланысты екенін атап өтті. Ол зиялы қауым өкілдерін жаңа Конституцияның құндылықтарын дәріптеп, қоғамдық бірлікті нығайтуға белсенді атсалысуға шақырды. 

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Әділет» партиясының Республикалық сайлауалды штабы аймақтық сапарлары аясында Семей, Атырау, Шымкент, Талдықорған мен өзге де өңірлердің ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездескен еді.