Ұйымдастырушылар бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, мемлекеттік тілдің қолданылмауын форс-мажормен байланыстырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
First Media Group негізін қалаушы Данна Қарағұсованың айтуынша, сол сәтте ұйымдастырушылардың басты міндеті көрермендерді стадионнан барынша жылдам әрі қауіпсіз шығару болған.
Экрандарда нұсқаулықтар орыс, ағылшын және түрік тілдерінде көрсетілгенімен, қазақ тілінде ақпарат берілмеген. Көрермендердің айтуынша, мемлекеттік тілде хабарландыру да жасалмаған.
«Сол сәтте басқару пульті әртістің командасында болды. Пультте отырған адам қолында бар нұсқаулықты экрандарға барынша жылдам шығарды», – деп түсіндірді Қарағұсова.
Ол қазақ тілінің экрандарда болмауында ешқандай әдейі әрекет жоқ екенін атап өтті. Оның сөзінше, төтенше жағдайда қосымша нұсқаулықтарды әзірлеп, экрандарға шығаруға уақыт болмаған.
«Бірінші кезекте – адамдардың қауіпсіздігі. Болмаған жерден құрметсіздік іздемеулеріңізді сұраймыз», – деп жазды First Media Group негізін қалаушы.
