Атырау облысының Құрманғазы ауданында табиғаттың ерекше сыйы саналатын лотос гүлінің гүлдеу маусымына арналған Lotus Fest – 2026 фестивалі басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды шараға аудан тұрғындары, еліміздің түрлі өңірлерінен келген қонақтар мен шетелдік туристер қатысуда.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, фестиваль алаңына түске дейін 3 мыңға жуық адам жиналған. Бағдарлама аясында мәдени-көпшілік іс-шаралар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қолөнер көрмелері мен ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды. Ресми ашылудан кейін өткен мерекелік концертте қазақстандық әнші Қуандық Рахым өнер көрсетті.

Екі күнге жоспарланған фестиваль барысында қонақтар лотос алқабына экскурсия жасап, өңірдің табиғи ерекшеліктерімен танысады. Сонымен қатар этноауыл, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, фотозоналар, спорттық жарыстар және балаларға арналған арнайы бағдарламалар өтеді.
Фестивальге арнайы келген шетелдік туристер де Атырау табиғатына жоғары баға берді. Қытайдан алғаш рет Қазақстанға сапарлаған, теміржол тарихын зерттеуші Чи Доң Құрманғазы ауданындағы лотос алқабын көріп, ерекше әсер алғанын айтты.
– Лотос алқабы өте әдемі екен. Мұндай табиғи көріністі алғаш рет көріп тұрмын. Қазақстанға келгеніме қуаныштымын, – деді ол.

Соңғы жылдары Құрманғазы ауданындағы лотос алқабы еліміздегі экотуризмнің жаңа бағыттарының біріне айналып келеді. Сирек кездесетін гүлдің табиғи жағдайда жаппай гүлдеуі туристердің қызығушылығын арттырып, өңір экономикасының дамуына да серпін беруде. Фестивальдің негізгі мақсаты – Атырау облысының бірегей табиғи мұрасын насихаттап, ішкі және сыртқы туризмді дамыту.
Баян Жанұзақова
