Астанада Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) Құрылтай сайлауы үгіт-насихат жұмыстары барысында Меншік иелерінің бірлестігі (МИБ) және Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТКШ) мәселелері жөнінде форум өтті, - деп хабарлайды Aikyn.kz cайты.
Форумға ЖСДП-дан ҚР Құрылтай депутаттығына кандидаттар Асхат Рахимжанов, Талгат Татиков, Мақсұт Насибулов, Аслан Кульмагамбетов, Нурлан Ауесбаев, Раушан Аубакирова, Нурия Балтабайқызы және сала сарапшылары, МИП пен ПИК (Пәтер иелерінің бірлестігі) басшылары мен партия өкілдері қатысты.
Шындығында, бұл мәселе жыл өткен сайын күрделеніп, оның күмәнді тұстары көбею үстінде. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындардың құқығы шектеліп, кей жағдайда өздері пайдаланбайтын кейбір нысандар үшін төлемдер жүргізіліп отырғаны анық. Бірақ бұл жағдайды тұрғындардың көбі біле бермейтіні анық. Себебі күмәнді де көлеңкелі тұстардың тұрғындарға ашылып айтылмайтыны да анық.
Осы себепті партия өкілдері мен сарапшылар кез келген азамат өзіне жеке пәтер сатып алған кезде барлық тұрғын үйдің техникалық құжатын талап етуі керектігін айтады. Пәтер сатып алған шақта азаматтардың барлығы тек қолдарына пәтердің техникалық құжатын ғана алады. Ал толық үйдің не құрылыстың техникалық құжатын сұрайтындар некен-саяқ. Бұл мәселемен ЖСДП ұзақ уақыт айналысып келеді. Осы уақыт арасында партияда салаға төселген сарапшылар қалыптасқанын айтты форум барысында ҚР Құрылтайы депутаттығына кандидат, ЖСДП төрағасы Асхат Рақымжанов.
«Азаматтарымызды, тұрғындарды қолдау, олардың мәселелерін көтеру – партиямыздың ұстанымы. Осы негізде біз алғаш рет ПИК пен МИП мәселесімен бетпе-бет келдік. Өзекті жағдайларды көріп жүрміз. Қазір қатарымыз да артып отыр. Біршама күрделі жағдайларды заңдық тұрғыдан шешуге атсалыстық. Оған белсенді азаматтарымыз қолқабыс етуде. Мен осы азаматтарды шынымен жанкешті адамдар деп айтамын. Олар жылдар бойы әділетсіздікпен күресті. Ақыр соңында жеңіске жетіп, қазір өз тұрғын үйлерінің МИБ төрағалары болып отыр. Заң бәріне ортақ. Тек сол заңның жұмыс істеуі сіздердей азаматтардың арқасында жүзеге асып отыр.
Әр үй – ол жай ғана мүлік емес, ол үлкен жауапкершілік. Жауапкершілікті арқалап жүріп, оның күтімі мен тұрғындардың мәселесін шешу де осы төрағалардың арқасында жүзеге асып жатыр. Кез келген құрылыстағы шағын бөлменің өзінің заңдық жолы, құжаты болуы керек. Ол жай ғана салынбағаны белгілі. Ол сол үй үшін маңызды бөлме. Ал оны өзге біреу келіп сырттан иемденіп алып, білгенін жасау деген – заңды бұзу деген сөз. Сондықтан партиямыздың «Прогресс жолындағы 20 белес» бағдарламасы азаматтарымызға бағытталып отыр. Бәріне әділдік жеңетіні анық», – деді партия төрағасы Асхат Нұрмағанбетұлы.
Форум аясында бірлестік иелері тарапынан бірнеше сауал да қойылды. Олардың қатарында партияның сайлауалды бағдарламасындағы тұрғын үйлерге байланысты көзделген кейбір тұстар тарқатылды. Жалпы, форумда көтерілген мәселелер тұрғын үй саласындағы жауапкершілікті нақтылаудың және тұрғындардың өз құқықтарын білуінің маңызын көрсетті. Сарапшылар мен партия өкілдері тұрғындардың ұсыныстары мен талаптарын ескеріп, МИБ пен ТКШ саласындағы түйткілдерді шешуге бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін атап өтті.
