Қатты жел мен күрделі таулы жер бедері өрт сөндірушілердің жұмысына кедергі келтіруде
Күрес тәулік бойы жүріп жатыр: Қарағанды облысындағы өртке 200-ге жуық адам мен 60 техника жұмылдырылды
istockphoto.com
212
оқылды

Қарағанды облысының бірнеше ауданында табиғи өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Өртпен күреске ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың 200-ге жуық қызметкері және 60 техника жұмылдырылған.

ТЖМ мәліметінше, Бұқар жырау ауданындағы Суықсу, Шет ауданындағы Ақбауыр, Қарқаралы ауданындағы Бесоба және Жаңатоғай ауылдары маңындағы өрттер толық сөндірілді. Қарқаралы ауданындағы Ынталы ауылы маңындағы өрт оқшауланды.

Қазіргі уақытта Ақтоғай ауданындағы Ақши ауылы маңындағы жекелеген ошақтарда және Қызылтау тауларындағы жетуі қиын аумақта өртті сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қатты жел мен күрделі таулы жер бедері өрт сөндірушілердің жұмысына кедергі келтіруде. Жағдайды бағалау үшін әуеден бақылау жүргізіліп, жетуі қиын учаскелерге қосымша күштер жеткізілген.

ТЖМ мәліметінше, елді мекендерге, қыстаулар мен егістік алқаптарға қауіп төніп тұрған жоқ. Өртті сөндіру жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде.