Жамбыл облысының Меркі ауданында 19 жастағы әйелдің өліміне қатысты тергеу басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Әлеуметтік желілерде тараған мәлімет бойынша, Мадина Рашидқызы күйеуімен бірге тұрған. Ерлі-зайыптының сегіз айлық сәбиі болған. Марқұм Өзбекстан азаматы, ал оның күйеуі Қазақстан азаматы екені айтылады.
Қайғылы жағдайдың алдында Мадина құрбысына күйеуімен жанжалдасқанын және ажырасқысы келетінін айтқан. Сондай-ақ одан 15 мың теңге қарыз сұраған. Бірақ құрбысы қажетті ақшаны тауып бере алмаған.
Келесі күні Мадинаның қайтыс болғаны туралы хабар келген. Оның мәйіті үйден табылған.
Полиция департаментінің мәліметінше, өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайтынын хабарлады.
