Сыр бойында құрылысы басталған «Бейнеу – Сексеуіл», «Қызылорда – Сексеуіл» және «Сексеуіл – Ұлғайсын» автомобиль жолдары өңірдің транзиттік әлеуетін арттырып, Батыс пен Шығысты жалғайтын маңызды көлік жүйесін қалыптастырмақ.
Қызылорда транзиттік торапқа айналады
136
оқылды

Ауқымды жобалар толық аяқталғанда, аталмыш бағыттар бойынша жол қатынасы жеңілдеп қана қоймай, жүк тасымалы, туризм мен жол бойындағы кәсіпкерлікке жаңа мүмкіндік ашылады деген жоспар бар.

Мемлекет басшысының ті­ке­лей тапсырмасына сәй­кес, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Үкі­мет­тің қолдауымен жобаларды қар­жыландыру мәселесін шешіп, қажетті дайындық жұмыстарын то­лық аяқтағанын мәлімдеді. Ендігі кезеңде жол құрылысы мен жаң­ғыр­ту жұмыстары қолға алынып, ны­сандарды 2029 жылы толық пай­далануға беру жоспарланып отыр.

Жалпы, жоспар бойынша келе­шек­те Қорғас пен Ташкент бағы­ты­нан шыққан жүк ағыны Шым­кент пен Қызылорда арқылы Сек­сеуілге түйісіп, одан әрі Ақтау пор­­­ты ар­қы­лы Бакуге бағыт алатын болады. Бұл маршрут Қытайдан Еуропаға жүк жеткізу жолын шамамен 1000 ша­қырымға қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жол жүру уа­қыты 3 сағаттан астам қысқарып, жүк ағыны 2,5 есеге дейін артады деп күтілуде. Демек, бұл жол салу жо­басын Қазақстанның халық­ара­лық көлік-логистика жүйесіндегі орнын нығайтуға бағытталған ірі инфрақұрылымдық бастама ретінде қарауға болады.

Аталған жобалардың мән-маңы­­зына қатысты «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қызылорда филиалының пі­кі­рін де білдік. Филиал өкілдерінің ай­туынша, өңірдегі негізгі бағыт­тар­ды өзара байланыстыратын бұл күре жолдардың құрылысы көлік қа­тынасын жақсартып қана қой­май, транзиттік әлеуетті арттыру тұ­р­ғысынан да айрықша маңызға ие.

«Бұл жобалардың Қызылорда облысы үшін стратегиялық маңызы зор. «Бейнеу – Сексеуіл», «Қызыл­ор­да – Сексеуіл» және «Сексеуіл – Ұлғайсын» бағыттарының іске асуы өңірдің көлік-логистикалық әлеуе­тін жаңа деңгейге көтереді. Әсіресе жол­дардың өткізу қабілетінің артуы жүк және жолаушылар тасыма­лы­ның жылдамдығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жаңа жолдар халықаралық және республикалық ба­ғыт­тағы жүк ағынын ұлғайтып, Сыр өңірінің транзиттік мүмкін­ді­гін кеңейтеді. Сонымен бірге жол бойындағы сервистік нысандардың дамуына, шағын және орта кәсіп­кер­ліктің өркендеуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына серпін бе­реді. Бұл жобалар Қызылорда об­лысының аудандары арасындағы көлік байланысын жақсартып қана қоймай, өңір экономикасының да­муына да елеулі үлес қосады», – дей­ді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қы­зыл­орда филиалы директорының орынбасары Әли Есентай.

Осы орайда үш жобаның Қы­зыл­орда облысы үшін маңызына тоқ­талсақ, бірінші кезекте жаңа жә­не жаңғыртылатын жолдар өңір­дің бірнеше ауданын қамтып, об­лыстың көлік байланысын жаңа дең­гейге көтереді деп топшыланып отыр.

Соның алғашқысы – «Бей­неу – Сексеуіл» автомобиль жолының ауқымы кең. Жалпы ұзын­дығы 800 шақырым болатын кү­режолдың Қызылорда облысы­ның аумағындағы бөлігінің құры­лы­сы қызу қарқын алды. Екі жо­лақ­ты, II техникалық санаттағы ав­томобиль жолының құны 195 млрд теңгені құрайды. Жоба аясын­да облыс аумағында 32 қиылыс, 17 кір­ме жол, 5 демалыс алаңы, 14 аял­дама және 30 су өткізу құбырын салу жоспарланған.

Сонымен қатар «Қызылорда – Ақтөбе» бағытына бастайтын «Қы­зылорда – Сексеуіл» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары да қолға алынды. Құны 832,8 млрд тең­ге болатын негізгі жолдың ұзын­дығы 462 шақырымды құрайды. Жол төрт жолақты, I-б техникалық санатқа сәйкестендірілген.

Жоспарға сәйкес, бұл жоба об­лысқа қарасты Сырдария, Жа­ла­ғаш, Қармақшы, Қазалы және Ар­ал аудандарының аумағын қам­ти­ды. Соның аясында облыс аума­ғын­да 9 жол айырығы мен 14 көпір салу, сондай-ақ жол бойында сер­вис­тік аймақтар орналастыру қа­рас­тырылған.

Сол сияқты «Сексеуіл – Ұлғай­сын» автомобиль жолы құрылы­сы­ның да өзіндік мәні зор. Оның жал­пы ұзындығы 312 шақырымды құ­райды. Мұнда да төрт жолақты I-б техникалық санаттағы автомо­би­ль жолы салынады деп жоспар­лан­ған.

Осы үш бағыттың өзара байла­нысуы Сыр өңірінің республикалық және халықаралық көлік жүйесін­дегі маңызын арттырады деп кү­тілу­де.

Негізінен, «Бейнеу – Сек­сеуіл», «Қызылорда – Сек­сеуіл» және «Сексеуіл – Ұлғайсын» жо­баларының жүзеге асуы Қа­зақ­стан­ның көлік картасына елеулі өз­геріс енгізетін бірегей жоба ре­тін­де жоғары маңызға ие. Оның ішін­де Сыр өңірі үшін бұл жоба­лар­дың мәні жоғары. Себебі жаңа жол қатынас құралы ретінде ғана емес, жүк ағынын, инвестицияны, ту­ризм­ді, кәсіпкерлікті және жаңа эко­номикалық мүмкіндіктерді арт­тыруға ықпалы етері белгілі.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, 

Қызылорда облысы