Коронавирус өмірімізге көп өзгеріс енгізіп жатыр. Бизнесте де біз күтпеген өзгерістер басталды: бір ай бұрын ғана табысы тасыған салалар банкроттың алдында тұр. Ал бұған дейін елеусіз болған компаниялар өніміне сұраныс артты. Ол компаниялар екі ауысымдық жұмыс жүйесіне көшті. Мұны байқағандар кәсібінің бағытын өзгертуге ниетті. Бәрінен де карантинге жабылған Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы кәсіпкерлерге қиын соғып тұр.
«Жағдай оңалмаса, жабыламыз»
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегіне сүйенсек, төтенше жағдай кезінде Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы кәсіпкерлік субъектілері қызметкерлерінің 40 пайызға жуығын еңбекақы сақталмайтын демалысқа жіберген, 14 пайызын жұмыстан босатқан. Жұмыстан босату көрсеткіші Алматыда жоғары, екінші орында елорда. Жағдай түзелмесе, алдағы уақытта қызметкерлерін еңбекақы сақталмайтын демалысқа жіберуді жоспарлаған кәсіпорын көп. Бәрі әліптің артын бағып отыр. Жұмыстан босату туризм саласында жоғары. Аталған саладан нәпақасын тауып жүрген Ернат Солтиев жұмысында ішкі туризмді дамытуға басымдық беретін. Соңғы үш жылда шетелден, соның ішінде араб елдерінен 8 мың турист қабылдаған екен. Аталған елдерде 10-нан аса серіктесі болған. Коронавирустың салдарынан жарияланған төтенше жағдайдан соң наурыз бен сәуір айына қабылдаған тапсырыстың барлығын кері қайтарыпты. Фирмасында тұрақты жұмыс істеген 23 адамның төртеуінен басқасын демалысқа жіберген. Жазға дейін қиындыққа қарсы тұрарына сенімді, себебі жаз маусымына алған тапсырыстарға үміт артып отыр. Жалпы, кәсіпкерлер кәсібін сақтап қалу үшін аянып қалмақ емес. Егер жағдай 2-3 айда қалыпқа келсе, онда қауіп жоқ, әйтпесе, бизнесті жабуға тура келмек. Мейрамханалар желісінің иесі Юрий Құсайыновтың айтуынша, қазіргі күні мейрамханалары жабық тұр. Екі жүзден аса қызметкердің ешқайсын жұмыстан шығармаған, бірақ алдағы күндері 90 пайызға жуығын демалысқа жіберуді ойлап отыр. Жұмысшыларын ары кетсе 1-2 ай ұстап отыра алады. «Жағдай түзелмесе, бизнесімді жабуым әбден мүмкін» дейді. Коронавирустың салдары киім сатушылардың да саудасын тұралатып жатыр. Нұрмұхаммед Әбішев Қазақстанның алты қаласында әйелдер мен балалар киімін сататын 11 дүкенді (біреуі көтерме сауда орны) ашып, аяғынан тұрғызу үшін 10 жылын сарп етті. 76 адамды жұмыспен қамтып отыр. «Ешқашан, ешкімнен несие алған емеспіз. Кәсібімізді өз еңбегімізбен, өз күшімізбен көтердік. Былтырмен салыстырғанда сауда 35-40 пайызға төмендеді. Ал көтерме нүктеміздегі сауда екі есе азайды. Осы қалыпта кете берсек, алдымен жұмысшы санын, содан соң біртіндеп дүкендерді де қысқартуға мәжбүр боламыз», – дейді ол. Бетон зауыты бар Жасұлан Діністанов та облыстан шикізат кіргізе алмай қиналып отырғанын, жұмысшыларды ары кетсе 1-2 апта ғана ұстай алатынын айтады. Бизнес консалтингпен айналысатын кәсіпкерлер де тығырыққа тіреле бастады. Себебі олар тренинг сапасын арттыру үшін кәсіби тренерлерді шетелден шақыратын. «Сәуір айында шетелдіктер келе алмайды. Тағы бір шартқа қол қойып жатырмыз, орындалу мерзімі – бір жыл. Оның да болар-болмасы белгісіз. Тұрақты клиенттер тапсырысын кейінге қалдырып жатыр. Короновирус ұзаққа созылса, диверсификация жасауымыз мүмкін», – дейді Дастан Мұсабеков. 600 адамды жұмыспен қамтып отырған Медет Құрманов такси қызметін ұсынады. Табыс 35 пайызға төмендегенін айтады. «Жұмысшылардың 20 пайызын босаттым, жағдай жақсармаса, жұмысшылардың 30 пайызын демалысқа жіберемін. Қалғанымен 3 ай жұмыс істеуге болады. Банкке төлемдерді кейінге шегеруді сұрап өтініш бердік. Егер банктен оң жауап келмесе, онда таксопарктің бір бөлігінің жұмысын тоқтатуға тура келеді», – дейді.Антисептик өндір, маска тік
Төтенше жағдай жарияланғалы бері азық-түлік пен медициналық құралдарға, соның ішінде антисептик құралдар мен маскаға, тіпті дәретхана қағазына сұраныс көбейген. Сәйкесінше аталған заттарды шығаратын кәсіпорындар жұмысы қыза бастады. Мысалы, Жамбыл облысының Жамбыл ауданындағы Айша бибі ауылында орналасқан Super Pharm фармацевтикалық зауыты коронавирус пандемиясына байланысты тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшкен. Бинт, бахила, медициналық халаттар мен маскалар шығаратын зауытта 150 адам еңбек етеді. Кәсіпорынның медициналық маскасына сұраныс күн санап артып отыр. Бұған дейін күніне 20 мың маска шығарған зауыт, өндірістік қуатын 70 мың данаға жеткізіп, өнімдерін еліміздің басқа аймақтарына да өткізе бастады. Аталған серіктестік 2010 жылы ашылған екен.Шағын қаржы ұйымдарын тарту керек
Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдауда үлкен бетбұрыс байқалады. Негізгі жұмыс орындарын сақтап қалу, ШОБ-ты ынталандыру шаралары қолға алынбақ. Бірақ ол қалай жүзеге асады? Ол жағы әлі белгісіз. Әлеуметтік желіде кәсіпкерлер қауымы осы сұрақтың жауабын іздеп әлек. Бизнесті қолдау үшін бөлінетін қомақты қаржы қалай, қандай механизммен беріледі? Қолдау қаржының мұқтаж кәсіпкерге жетуі үшін не істеуіміз керек? Бұл сұрақты экономист Мақсат Халыққа қойдық. «Бұған дейін бизнесті қолдау үшін бөлінген қаржыны негізгі оператор ретінде екінші деңгейлі банктер тарататын. Бұл жолы да солай етсе, бірқатар мәселе туындауы мүмкін. Себебі шағын және орта бизнес үшін екінші деңгейлі банктен несие алу қашанда қиын болып келген. Былтыр Ұлттық банктің пайыздық мөлшерлемесі 9-9,25 болып тұрған кездің өзінде банктер ШОБ-ты қаржыландырудың пайыздық мөлшерлемесін 18 пайызға көтерді. Бұл нақты статистика. Ал қазір Ұлттық банк пайыздық мөлшерлемені 12 пайызда көтерді», – дейді экономист. Оның айтуынша, кәсіпкерлер үшін мұндай пайыздық мөлшерлемемен несие алып бизнес жүргізу қиын. Сондықтан алдағы уақытта оператор ретінде екінші деңгейлі банктерді емес, шағын қаржы ұйымдарын қарастырған жөн. Себебі олардың талабы банктерге қарағанда жұмсақтау. Оның үстіне банктер өзінің оператор рөлін ұмытып кетеді де, бюджеттен бөлінген қаржыны өз қаржысында сезініп, кәсіпкерді жүгіртіп қояды. Пайыздық мөлшерлеме жоғары болғаны өз алдына, банктер кәсіпкерден кепіл сұрайды. «Ірі кәсіпкерлер үшін кепілге тауар қою қиын емес, сондықтан бұл қолдауды тағы да ірі кәсіпкерлер алып кете ме деген қауіп бар. Осы тұста Алматы қалалық әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының мысалын айтқым келеді. Олар шағын қаржы ұйымдары арқылы кәсіпкерлерге 2-6 пайыз аралығында несие береді. Кәсіпкердің кепілге қоятын мүлкі болмаса, корпорация кепіл болады, бұл өте тар ауқымда жүзеге асып жатыр. Сондықтан өңірлерде әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары ғана емес, жергілікті билік өкілдері де шағын және орта бизнеске қаражатты шағын қаржы ұйымдары арқылы жеткізуге әрекет жасаса, кәсіпкер үшін үлкен көмек болар еді», – дейді Мақсат Халық. Түйін:Нұр-Сұлтан мен Алматы мемлекеттік бюджеттің донор қалалары, бірақ жағдай ушыға берсе, бұл статустан айырылуы әбден мүмкін. Себебі карантинге жабылғалы қалада шағын және орта бизнес шатқаяқтап тұр. Коронавирустың үшінші мегаполис Шымкентке жетуі де алаңдатады. Егер ол қала да карантинге жабылса, жағдай тіпті қиындайды. Сондықтан Президент нақтылап берген тапсырманы атқарушы билік сөзбұйдаға салмай жедел жүзеге асырса екен...