АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті Қазақстанды саяхатшылар үшін қауіп деңгейі ең төмен елдердің қатарына жатқызды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
1-деңгей (көк) – қалыпты сақтық шараларын сақтау
Бұл – қауіп деңгейінің ең төменгі санаты. Яғни, шетелге сапар кезінде әдеттегі сақтық шараларын сақтау жеткілікті.
Қазақстаннан бөлек бұл санатқа, Аустралия, Аустрия, Канада, Жапония, Швейцария, Жаңа Зеландия, Португалия, Оңтүстік Корея, Польша, Норвегия, Финляндия, Ирландия, Грекия, Венгрия, Болгария, Румыния, Словакия, Словения және басқа да мемлекеттер кіреді.
2-деңгей (сары) – қосымша сақтық шараларын жасау
Бұл санатқа белгілі бір қауіп-қатерлерге байланысты сақтық шараларын күшейту қажет елдер жатады. Олардың қатарында терроризм, қылмыс немесе қоғамдық тәртіпсіздік қаупі бар мемлекеттер бар.
Бұл деңгейге туристер арасында танымал бірқатар Еуропа елдері де кіреді. Олардың қатарында Франция, Ұлыбритания, Италия, Германия, Испания, Бельгия, Нидерланд және Швеция бар.
3-деңгей (қызғылт сары) – сапарға бару жоспарын қайта қарау
Бұл санатқа қауіп деңгейі жоғары елдер жатады. АҚШ Мемлекеттік департаменті мұндай елдерге бару қажеттігін мұқият бағалауды ұсынады.
4-деңгей (қызыл) – сапарға шықпау
Бұл – қауіп деңгейі ең жоғары санат. Мұндай елдерде адам өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төнуі мүмкін.
Бұл санатқа, атап айтқанда, Ресей, Украина, Беларусь, Ауғанстан, Иран, Сирия, Ирак, Йемен, Ливия, Сомали және басқа да мемлекеттер кіреді.
Маңыздысы, бұл әлем елдерінің қауіпсіздік рейтингі емес және барлық туристерге арналған ортақ бағалау да емес. Бұл – АҚШ азаматтарына арналған туристік нұсқаулық. Дегенмен мұндай бағалау белгілі бір деңгейде түрлі мемлекеттегі қауіпсіздік ахуалын өзара салыстыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанның Жапония, Швейцария, Канада және Аустралия сияқты дәстүрлі түрде қауіпсіз әрі тұрақты елдермен бір санатта болуы – назар аударарлық көрсеткіш. Ал миллиондаған турист баратын бірқатар Еуропа елдері сақтық деңгейі жоғары санаттарға жатады.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің бағалауына сүйенсек, Қазақстан – қауіпсіздік деңгейі жоғары, тұрақты әрі саяхаттауға қолайлы ел.
