2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда органикалық тыңайтқыштарды өнеркәсіптік өндіруге қойылатын бірыңғай ұлттық талаптар күшіне енеді.
Мал шаруашылығы қалдығынан дайын өнімге дейін: Қазақстанда органикалық тыңайтқыш өндірісіне жаңа стандарт енгізіледі
122
оқылды

Жаңа стандарт отандық өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін арттырып, органикалық егіншіліктің дамуына серпін бермек, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қазақстан аумағында «Органикалық тыңайтқыштар. Өнеркәсіптік өндіріске қойылатын жалпы техникалық талаптар» ҚР СТ стандарты қолданысқа енгізіледі.

Жаңа құжат органикалық тыңайтқыш өндірушілер үшін бірыңғай талаптар белгілеп, өнім сапасын арттыруға және ауыл шаруашылығы қалдықтарын тиімді қайта өңдеуге бағытталған.

Стандартта мал шаруашылығы қалдықтары — мал қиы, құс саңғырығы, компост, биогумус және басқа да шикізаттарды өнеркәсіптік өңдеу тәртібі нақты регламенттелген.

Сондай-ақ биогаз қондырғыларынан алынатын дигестатты қайта өңдеуге ерекше талаптар белгіленген. Құжатта аэробты және вермикомпосттау, метантенктерде анаэробты ферменттеу, кептіру және түйіршіктеу процестеріне қойылатын технологиялық нормалар қамтылған.

Бұл талаптар кәсіпорындарға өндірістік қуаттарды тиімді пайдаланып, сапасы жоғары әрі халықаралық талаптарға сәйкес органикалық тыңайтқыш өндіруге мүмкіндік береді.

Қауіпсіздікке қойылатын талап күшейеді

Жаңа стандарттың негізгі бағыттарының бірі  дайын өнімнің ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Органикалық тыңайтқыштардың құрамында патогенді микроорганизмдердің, соның ішінде сальмонеллалар мен гельминт жұмыртқаларының болуына жол берілмейді.

Бұдан бөлек, қорғасын, кадмий, сынап және күшәлә секілді ауыр металдардың шекті рұқсат етілген концентрациялары, сондай-ақ өнімнің радиациялық қауіпсіздігіне қойылатын талаптар гигиеналық нормативтерге сәйкестендірілген.

Стандартта өндірістік алаңдарды, биореакторлар мен желдету жүйелерін жабдықтау, қоршаған ортаның ластануын болдырмау талаптары да белгіленген.

Сонымен қатар құжатта органикалық тыңайтқыштарды өлшеп-орау, таңбалау, тасымалдау және сақтау тәртібі айқындалады.

Жаңа стандарт «Тыңайтқыштардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламентінің, сондай-ақ экологиялық, өрт және санитариялық-гигиеналық қауіпсіздік нормаларының талаптарын іске асыру мақсатында әзірленген.

Осылайша, жаңа ұлттық стандарт органикалық қалдықтарды кәдеге жарату мен қайта өңдеуді жүйелеп қана қоймай, Қазақстанда қауіпсіз әрі сапалы отандық органикалық тыңайтқыш өндірісін дамытуға негіз қалыптастырады.