Астанада қызмет барысында қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Сотта тұрғын үйдегі мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Сәуле Жұбаниязоваға тағылған айып қаралып жатыр.
Сәуле Жұбаниязоваға Қылмыстық кодекстің 254-бабы — міндеттеріне адал қарамау бойынша айып тағылған.
Сот отырысына Ұлдана Мырзуанның туыстары мен күйеуі Әділет Зейнел қатысты. Алайда ол журналистердің сұрақтарына жауап беруден бас тартты. БАҚ өкілдерін сот залына кіргізуге рұқсат берілмеді.
Марқұмның анасының адвокатының айтуынша, айыпталушы тарап отбасыдан кешірім сұрап келмеген. Қазіргі уақытта марқұмның жақындары сотталушыдан өтемақы талап ету мәселесі бойынша нақты шешім қабылдамаған.
Еске салайық, 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің қасбеті құлап, оқиға орнына көмекке келген екі фельдшердің басына кондиционер түскен. Зардап шеккендердің бірі — Ұлдана Қалдырханқызы 18 қарашада ауруханада қайтыс болды.
