Сот Бажкенованы заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу, сеніп тапсырылған мүлікті ысырап ету және жалған ақпарат тарату баптары бойынша кінәлі деп таныды.
Миллиондаған теңгені жымқырып, фейк ақпарат таратты – Orda.kz экс-бас редакторына қатысты үкім шықты
368
оқылды

Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық сотында Б.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында ("сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету"), 214-бабы 2-бөлігінің 2-тармағында ("заңсыз кәсіпкерлік"), 274-бабы 2-бөлігінің 1, 3-тармақтарында ("көрінеу жалған ақпарат тарату және ұрлау") көзделген бірқатар қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін айыпталған. 

Сот анықтағандай, 2024 жылғы қараша мен 2025 жылғы желтоқсан аралығында «О» ЖШС-ның басшысы болған Б. өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, компанияның есепшоттарынан 88 144 127 теңгені жымқырған. Аталған қаражатты ол жалған жарнамалық, кәсіби және ғылыми қызметтерге ақы төлеу ретінде бақылауындағы жеке кәсіпкердің есепшотына аударған, сондай-ақ ұлының жекеменшік халықаралық мектепте оқу ақысын төлеген.

Сонымен қатар кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелмеген Б. Алматы қаласында пәтерлерді сатып алу және сату арқылы 121 200 000 теңге көлемінде табыс алған, бұл ретте салық төлемдерін төлемеген.

2024–2025 жылдар аралығында Б. «О» ақпараттық-талдамалық порталының бас редакторы бола отырып, адамдар тобының құрамында, алдын ала сөз байласу арқылы, 8 эпизод бойынша интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы көрінеу жалған ақпаратты бірнеше рет таратқан. Нәтижесінде,  азаматтардың, ұйымдар мен мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірілген.

Сот шешімі

Сот үкімімен Б. кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар 5 жыл мерзімге бұқаралық ақпарат құралдары, журналистика, блог жүргізу, жария іс-шаралар және өзге де қоғамдық қызмет салаларында қызметпен айналысуға, сондай-ақ БАҚ-қа байланысты ұйымдарда басшылық және материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

ҚР Қылмыстық кодексінің 74-бабы 1-бөлігі негізінде 14 жасқа толмаған баласының болуына байланысты жазаны өтеу 2 жылға кейінге қалдырылды.

Сонымен қатар материалдық залалды өтеу есебіне 95 992 350 теңге, 2 879 770 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж, сондай-ақ жәбірленуші тараптың заң көмегіне ақы төлеу және процестік шығындары ретінде 6 800 000 теңге өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.